Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңістері

Маусым 24, 2025, 3 Т.Ж.

Өткен аптада қазақстандық спортшылар бірқатар халықаралық жарыстарда тамаша өнер көрсетіп, ел қоржынына алтын, күміс және қола медальдар салды. Бұл жетістіктер еліміздің спорттық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетті.

Фото: из открытых источников

Ақмарал Ерекешеваның тарихи алтыны

16–23 маусым аралығында Болгария астанасы Софияда өткен көркем гимнастикадан юниорлар арасындағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева үш бағдарламада финалға шығып, екі алтын (доп пен лента), бір күміс (шығыршық) медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан үшін тарихи нәтиже. Бұған дейін қазақстандық гимнаст қыздардың ең жоғары жетістігі төртінші орын болатын.

Олимпиада чемпиондарымен шеберлік байқасты

Индонезияның Бали қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандық семсерлесушілер күміс және қола медаль еншіледі. Командалық сында Қазақстан құрамасы финалда Жапония командасына (24:45) есе жіберді. Команда сапында Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов өнер көрсетті.

Бұған дейін жеке сын бойынша Вадим Шарлаимов қола жүлдегер атанған болатын.

Ташкенттегі турнирде үш жүлде

18–21 маусымда Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Challenge Cup турнирінде спорттық гимнастикадан үш қазақстандық спортшы жүлдегер атанды.
Ильяс Азизов қоссырық жаттығуында күміс, Дмитрий Патанин қола медаль жеңіп алса,
Көркем Ербосынқызы бөрене жаттығуында Challenge Cup-тың алғашқы жүлдесін иеленді.

Грек-рим күресінде Азияда топ жарды

23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Вьетнамның Вунгтау қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады.
Алтын иеленгендер қатарында: Ерасыл Мамырбеков, Исхар Құрбаев, Бағдат Сабаз, Ақжан Ықыласов, Майис Әлиев және Виктория Хусаинова.

Стелла Суханова — төрт алтын иегері

Таиландтың Районг қаласында өткен байдарка мен каноэде есуден Азия чемпионатында Стелла Суханова төрт алтын медаль жеңіп алды. Жалпы алғанда, Қазақстан құрамасы 18–23 жас аралығындағы спортшылар арасында 6 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль жеңіп алып, екінші орынға тұрақтады. Жарысқа 16 елден 270 спортшы қатысты.

Александр Бублик — Галледе екі дүркін чемпион

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 турнирінің финалында ресейлік Даниил Медведевті жеңіп, бесінші ATP титулына және Галледе екінші мәрте чемпион атағына қол жеткізді. Есеп: 6:3, 7:6 (7:4).

Теги: