Қазақстан асыл тұқымды мал шаруашылығының әлеуетін арттыруда: 50 мың бас асыл тұқымды мал жеткізіледі
Астана халықаралық әуежайына Qatar Airways Cargo әуе компаниясының арнайы жүк рейсімен Австралиядан асыл тұқымды ірі қараның кезекті легі жеткізілді.
Ұшақ бортында абердин-ангус тұқымына жататын 305 бас ірі қара болды. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысына Австралиядан осы тұқымды малдың алғаш рет әкелінуі.
Өнімділігі жоғары мал басын импорттау Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында қолға алынуда. Жоспардың негізгі мақсаты – отандық асыл тұқымды мал шаруашылығының әлеуетін нығайту, табынның генетикалық сапасын жақсарту, төл өсіру ісін дамыту және бәсекеге қабілетті мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту.
Жоспарға сәйкес, барлығы 50 мың бас асыл тұқымды мал сатып алу көзделген. Оның ішінде 40 мың бас ірі қара және 10 мың бас ұсақ мал бар. Бүгінде Қазақстанға 9,5 мыңға жуық ірі қара жеткізілді.
«Асыл тұқымды мал базасын нығайту – министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта елімізге 9,5 мыңға жуық ірі қара әкелінді. Бүгін абердин-ангус тұқымына жататын 305 бас малдың кезекті легін қарсы алдық. Солтүстік Қазақстан облысына бұл тұқымды мал Австралиядан алғаш рет жеткізіліп отыр. Жалпы, 40 мың бас ірі қара және 10 мың бас ұсақ мал сатып алу жоспарланған», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Мал басын асылдандыру және жаңарту жұмыстарына қатысып жатқан шаруашылықтардың қатарында «Шал ақын АГРО-2020» және «Asyl Farms» серіктестіктері бар.
«Етті мал шаруашылығын дамыту – біздің шаруашылық үшін өндірісті әртараптандыруға және өзіміздің жемшөп базасын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Біз абердин-ангус тұқымын бордақылау көрсеткіштерінің жоғарылығы мен ет сапасының жақсы болуына байланысты таңдадық. Австралиядан әкелінген асыл тұқымды малдың генетикалық әлеуеті жоғары, өнімді табын қалыптастыруға, алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысының өзінде асыл тұқымды мал өсіру мен көбейтуді дамытуға жол ашады», – деді «Asyl Farms» серіктестік директоры Ғабиден Балғынбеков.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту орталықтарының біріне айналып келеді. Өңірде асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 23 жобадан тұратын пул қалыптастырылған.
Жыл басынан бері облысқа Германия мен Даниядан 3 мыңнан астам аналық мал әкелінді. Жыл соңына дейін Австралиядан асыл тұқымды мал жеткізетін тағы 10 әуе рейсін қабылдау межеленіп отыр. Болжам бойынша, өңірге импортталатын малдың жалпы саны 11 мыңға жуық ірі қара мен 1,5 мыңнан астам ұсақ малға жетеді.
Сонымен қатар өңірде саланың тұрақты дамуына қажетті инфрақұрылым да жетілдірілуде. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында 118 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оның 50-і – заманауи кешендер. Бұдан бөлек, жалпы қаржыландыру көлемі 1,5 млрд теңгені құрайтын 57 ветеринариялық бекеттің құрылысы жүргізілуде.
Осылайша, асыл тұқымды мал импорттау мал басын уақытша көбейтудің ғана емес, мал шаруашылығын ұзақ мерзімді дамытудың маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр.
Озық генетиканы енгізу, ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту, селекциялық жұмысты жетілдіру және отандық мал өсіру жүйесін дамыту табын өнімділігін арттыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және Қазақстанда өндірілетін бәсекеге қабілетті өнім көлемін ұлғайтуға жол ашады.