Қазақстан Ауғанстан бойынша халықаралық диалогты нығайтуға шақырды
Алматыда Ауғанстан мәселелері бойынша Еуропалық Одақ пен Орталық Азия мемлекеттерінің Арнайы өкілдері мен уәкілдерінің 8-інші кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында қатысушылар Ауғанстандағы ахуалдың қазіргі жай-күйіне, оның өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсеріне, сондай-ақ Ауғанстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегіне қатысты жан-жақты пікір алмасты.
Тараптар өңірлік өзара байланыстарды нығайту мәселелерін, оның ішінде Ауғанстан аумағы арқылы өтетін көлік-логистикалық және транзиттік дәліздерді дамыту перспективаларын талқылады.
Мұндай бастамалар Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік-коммуникациялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Еуропалық кеңістігіндегі байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне назар аударылды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының өңірлік сын-қатерлерді шешуде саяси-дипломатиялық тетіктерді нығайтуға, тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған дәйекті ұстанымы ерекше аталып өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған сыртқы саяси бағдарға сәйкес, еліміз Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытуға, тепе-теңдік қағидаттарын ілгерілету және халықаралық қатынастардағы Біріккен Ұлттар Ұйымының үйлестіруші рөлін күшейтуге айрықша мән береді.
Қатысушылар Қазақстанның Ауғанстан мәселесі бойынша өзара халықаралық диалогты дамытудағы, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудегі, білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудағы және өңірлік экономикалық ықпалдастықты ілгерілетудегі үлесін жоғары бағалады.
БҰҰ-ның Ауғанстанды қолдауға бағытталған халықаралық күш-жігерді үйлестірудегі маңызды рөліне ерекше назар аударылды. Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі жоғары бағаланып, оның құрылуы Қазақстан Президентінің БҰҰ алаңдарында көтерген халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және өңірдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларының нақты нәтижесі екендігі аталып өтті.
Пікірталас барысында Алматы қаласының көпжақты дипломатияның, өңіраралық өзара іс-қимылдың және қауіпсіздік, орнықты даму мен гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша келісілген ұстанымдарды қалыптастырудың маңызды халықаралық орталығы ретіндегі рөлінің артып келе жатқаны айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық Одақ және Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, орнықты дамуды қолдауға, сондай-ақ бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен өркендеуіне жәрдемдесуге бейілділігін растады.
Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен халықаралық өзара іс-қимыл тетіктерін нығайтуға, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және сындарлы дипломатияны ілгерілетуге бағытталған күш-жігерін алдағы уақытта да жалғастыра береді. Бұл қызмет бейбітшілік, өзара құрмет және ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделеді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасының Еуропалық Одақтың және Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері қатысты.