Қазақстан биыл 16 млн гектар алқаптан 27,1 млн тонна астық алды

Қар. 4, 2025, 11:48 Т.Қ.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында биылғы орақ науқанының қорытындысын мәлім етті.

ҚР АШМ

- Бүгінгі таңда республика бойынша астық жинау толығымен аяқталды. 16 млн гектар алқаптан гектарына 17 центнер орташа өнімділікпен 27 млн тонна астық қамбаға құйылды. Бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тоннасы бастырылды – бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемі азаймай, керісінше артты. Бұл озық агротехнологиялардың тиімділігін тағы да дәлелдейді, - деді ол.

Министрдің сөзінше, биыл диқандар 4 млн тоннаға жуық арпа жинаған. Ал бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жетіп отыр.

- Майлы дақылдар бойынша бүгінгі күннің өзінде рекордтық 4,3 млн тонна жиналды және егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Мақта жинау жұмыстары аяқталды. Тамшылатып суаруды қолдану арқасында кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды. Жалпы алғанда, орташа өнімділік 30 ц/га деңгейінде қалыптасып, 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 42% көп. Осыған байланысты әкімдіктерге мақта өсірудің дәстүрлі тәсілдерінен озық және тиімді технологияларға көшу бойынша жұмысты күшейту қажет, - деді Айдарбек Сапаров.

Теги: