Қазақстан Грузияға 15,3 млн тонна астық экспорттады

Сәуір 23, 2026, 5:49 Т.Қ.

Қазақстан мен Грузия агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Бұл мәселе Астанада өтіп жатқан RES–2026 алаңында өткен кездесуде талқыланды.

Фото: канва

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Грузияның Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрі Давид Сонгулашвилимен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту перспективаларын қарастырды.

– Біз Грузияны Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі болашағы зор серіктес ретінде бағалаймыз және агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты тереңдетуге үлкен мүмкіндік бар деп санаймыз. Қазақстан грузин нарығына астық пен оны қайта өңдеу өнімдерінен бастап ет және сүт өнімдеріне дейін бәсекеге қабілетті өнімдерді жеткізуге дайын. Өткен маркетингтік жылдың қорытындысы бойынша 15,3 млн тонна астық экспортталды, бұл соңғы 20 жылдағы рекордтық көрсеткіш, – деді Айдарбек Сапаров.

Кездесу барысында қазақстандық бидай, ұн және макарон өнімдерінің Грузия нарығына экспортын ұлғайту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар ветеринариялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылып, мал мен мал өнімдерін жеткізуге қатысты сертификаттар келісілді.

Сондай-ақ 2025 жылы Қазақстаннан Грузияға алғаш рет 500 тонна шошқа еті өнімдері экспортталғаны айтылды. Тараптар кадр даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және аграрлық секторды дамыту бағытында да ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Өз кезегінде Давид Сонгулашвили екі ел арасындағы әріптестіктің әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Теги: