Қазақстан Халықаралық TurkicSkills-2025 чемпионатында 6 алтын медаль жеңіп алды

Қаз. 10, 2025, 7:57 Т.Қ.

I Халықаралық TurkicSkills-2025 кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарыстың басты жеңімпазы атанып, түркі елдері арасында техникалық және кәсіптік маман даярлауда көшбасшы екенін дәлелдеді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Еліміздің жүлде қоржыны 6 алтын, 2 күміс медаль және 1 «Үздік медальонмен» толықты. Бұл жеңіс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы реформалардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын айғақтайды.

Естеріңізге сала кетейік, 4-9 қазан аралығында Ақтау қаласында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен TurkicSkills-2025 чемпионатына Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 70-ке жуық колледж студенттері мен жас маман қатысты. Олар инженерия, ақпараттық технологиялар, өндіріс, робототехника және қызмет көрсету салаларын қамтитын 10 құзыреттілік бойынша бақ сынады.

Жарыстың жабылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов бұл чемпионаттың түркітілдес мемлекеттердің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында Қазақстанның бастамасымен алғаш рет ауқымды түрде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«TurkicSkills чемпионаты – түркітілдес мемлекеттер арасындағы техникалық және кәсіптік ұйымдар ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды шара. Бұл күндер достық пен өзара түсіністіктің, ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың жарқын үлгісіне айналды», - деп атап өтті вице-министр.

WorldSkills International кеңесінің мүшесі Рэй Инглиш Қазақстанның халықаралық деңгейдегі әлеуетін ерекше атап өтті.

«Чемпионатының ауқымы мен ұйымдастырылу сапасы – Қазақстанның әлемдік деңгейдегі кәсіби шеберлік сайыстарын өткізуге толық дайын екенін көрсетеді. Бұл тәжірибе болашақта WorldSkills немесе WorldSkills Europe сияқты халықаралық жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Теги: