Қазақстан Қатарға өнім экспортын 243 млн долларға арттырмақ

Мамыр 23, 2023, 11:30 Т.Қ.

Доха қаласында өтіп жатқан ІІІ Қатар экономикалық форумында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Қатар Әмірі шейх Тәмим бин Хамад Әл Тәни кездесті.

Әлихан Смайылов Қатар Әміріне Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілегін жеткізіп, дүниежүзі қоғамдастығының назарын аударған футболдан Әлем чемпионатының сәтті өтуімен құттықтады.

Премьер-Министр Қатар Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Мұның дәлелі – өзара сауда мен инвестициялар саласындағы жоғары көрсеткіштер екенін жеткізді. Мәселен, биылғы бірінші тоқсанда екіжақты тауар айналымы көлемі 17,7 есе өссе, 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикаға құйылған Қатар инвестицияларының көлемі – 3 есе артқан.

«Бұл ретте біз өзара сауда көлемін одан әрі ұлғайту бойынша бұдан да жоғары әлеуеттің барын көріп отырмыз. Осыған байланысты Қатарға 60 тауар позициясы бойынша қазақстандық өнімнің экспортын шамамен $243 млн-ға ұлғайтуды ұсындық. Сонымен қатар біз инвестициялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», — деді Үкімет басшысы.

Осы тұрғыда ҚР Премьер-Министрі Qatar Investment Authority мен «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорлары арасындағы ынтымақтастықтың және Бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру жоспарларының маңыздылығын атап өтті.

Өз тарапынан шейх Тәмим бин Хамад Әл Тәни басым бағыттардың барлығы бойынша екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін растады.

Теги: