Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы іске қосылды
2024 жылғы 3 сәуірде елордалық Достық үйінің ғимаратында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік штабтарының бірлескен онлайн отырысы өтті.
Отырысқа ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент Сенатының депутаттары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде ҚХА өңірлік штабтарының жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды.
Барлық өңірлердегі Достық үйлерінде штабтар, волонтерлік орталықтар және гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда гуманитарлық көмекке 30 млн теңгеден астам қаржы жиналды.
Сондай-ақ, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы іске қосылды. Жоба аясында «Ассамблея жастары» ұйымы, еріктілер орталықтары және ҚХА-ның белсенді мүшелері су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арнайы көмек көрсетеді. Гуманитарлық жүктерді жөнелту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін Қарағанды және Ақмола облыстарына көмек жіберіледі.