Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қамбарата суэлектр стансасын бірлесіп салмақ

Қаң. 9, 2023, 4:03 Т.Ж.

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Бішкекте Қамбар ата су электр стансасын салу жөнінде уағдаласты.

Қазақстан Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қамбар ата су электр стансасы Қырғызстандағы ірі электр стансасына айналуы тиіс және Орталық Азия елдерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аймақты тұрақты түрде сумен қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

Қамбар ата ГЭС-і үш елге бірдей пайдалы және Қырғызстанды электр энергиясы тапшылығынан құтқарады.

Жоба бойынша бөгеттің биіктігі 256 метр, қуаты 1860 мегаватт болатын ГЭС жылына орташа есеппен 5,6 млрд киловатт қуат өндіруі тиіс.

Бөгеттің ішіне 5,4 млрд текше метр су сияды.

2012 жылы Қырғызстан және Ресей үкіметтері жоғарғы Нарын стансалар тізбесі мен Қамбар ата-1 стансасын салу бойынша келісім жасасқан. Алайда жұмыстар бастала салысымен тоқтаған.

2016 жылы Қырғызстан біржақты түрде келісімді үзгенін хабарлады. Ресей Қырғызстаннан жоғарғы Нарын су электр стансалар тізбесі жобасына салынған ақшаны қайтаруды талап еткен.

Теги: