Қазақстан мен Беларусь автомобиль тасымалындағы электрондық рұқсат беру жүйесін дамытуға келісті

Қаз. 20, 2026, 7:13 Т.Қ.

Астанада Қазақстан-Беларусь халықаралық автомобиль қатынасы жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысы өтті.

Фото: Көлік министрлігі

Тараптар екіжақты және транзиттік жүк тасымалының өзекті мәселелерін, сондай-ақ рұқсат беру жүйесін цифрландырудың алдағы қадамдарын талқылады.

Кездесуде халықаралық автомобиль тасымалына электрондық рұқсаттарды енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар 2026 жылдың соңына дейін осы бағытта жұмыс тобын құруға, ал 2027 жылы электрондық рұқсаттарды пайдалану бойынша пилоттық жобаны іске асыруға келісті. Электрондық форматқа көшу әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, тасымалдардың ашықтығын арттыруға және құжаттарды рәсімдеу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар халықаралық автомобиль тасымалына рұқсаттар берудің шектеусіз квотасын енгізу мүмкіндігі қаралды.

Тасымалдаушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға қосымша 5 мың рұқсат бланкісімен өзара алмасу туралы шешім қабылданды. Ал 2027 жылға арналған рұқсаттардың алдын ала квотасы 50 мың бірлік көлемінде келісілді. Бұл халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік беріп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына ықпал етеді.

Отырыс барысында Қазақстан мен Беларусь арасындағы жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсіп келе жатқаны және екі елдің халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы маңызы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, халықаралық тасымалдарға қолайлы жағдай жасауға және екіжақты көлік байланыстарын дамытуға мүдделі екенін растады.

Теги: