Қазақстан мен Франция азаматтық авиация саласында кадр даярлау бойынша келісімге келді

Жел. 8, 2025, 7:10 Т.Қ.

Кездесу барысында Еуропаның жетекші авиациялық мамандар даярлау орталығымен Астанада еуропалық деңгейдегі өңірлік авиациялық оқу орталығын ашу мәселелері талқыланды.

Көлік министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадрларды даярлау жүйесін жаңғырту және халықаралық ғылыми-білім беру орталықтарымен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебінің (ENAC) директоры Оливье Шансу және оның орынбасары Николя Калазиспен кездесу өткізді.

Аталған орталық азаматтық авиация саласындағы заманауи білім беру стандарттарының өңірлік орталығына айналмақ. Елде мұндай оқу орталығының болуы саланың шетелдік оқу ұйымдарына тәуелділігін азайтып, елімізде білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық сондай-ақ саланың отандық кадрларын жүйелі түрде даярлауға және тәжірибе, білім мен халықаралық практикалар алмасуға бағытталатын болады.

Қазақстанның азаматтық авиациясы тұрақты өсім көрсетіп келеді: жыл сайын жолаушылар ағыны артып, маршруттық желі кеңейіп, инфрақұрылым жаңғыртылып, әуе кемелер паркі ұлғайып келеді. Бұл процестерді қолдау үшін елге тұрақты түрде білікті мамандар қажет.

Отандық авиация саласына жыл сайын 500-600 маман қажет. Атап айтқанда, ұшқыштар, инженерлер, әуе қозғалысын басқару диспетчерлері, жерүсті қызметкерлерін және басқа да негізгі бағыттар бойынша мамандар.

Сонымен қатар Қазақстанда жұмыс істеп тұрған авиациялық оқу орталықтары Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA) белгілейтін озық еуропалық стандарттарға сәйкес келмейді. Айта кету керек, Азаматтық авиация ұлттық мектебі (ENAC) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО), Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) және Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI) талаптарына толық сәйкес келетін жалғыз оқу орны.

– Бұл бастама Қазақстанның азаматтық авиация саласында жоғары білікті кадрлардың тапшылығын жоюға және оның алдын алуға бағытталған, сондай-ақ бұл ұшулар қауіпсіздігін арттыруға, мемлекеттік қадағалаудың тиімділігін күшейтуге және елдің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді, – делінген ақпаратта.

Сапар аясында ENAC басшылығы оқу орнының негізгі нысандарына таныстыру экскурсиясын өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар осы мәселе бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Айта кетейік, Азаматтық авиация ұлттық мектебі (ENAC) 1946 жылы Тулуза қаласында құрылған. Бүгінде ENAC әлемнің 100-ден астам елімен ынтымақтастық орнатқан. Сонымен қатар 350-ден астам оқу және біліктілікті арттыру бағдарламаларын жүзеге асырады.

Теги: