Қазақстан мен Германия өнеркәсіп, технология саласындағы ынтымақтастықты дамыту жол картасына қол қойды

Қыр. 30, 2026, 6:20 Т.Қ.

Қазақстан мен Германия 2026–2028 жылдарға арналған Өнеркәсіп, технология және шикізат саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасына қол қойды.

Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Келісім Қазақстан-Германия бизнес-форумы аясындағы келіссөздер қорытындысы бойынша жасалды, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында Берлин қаласында екі елдің іскер топтарының қатысуымен Қазақстан-Германия бизнес-форумы өтті.

Форумның панельдік сессиясының ашылуы барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев екіжақты өзара іс-қимылдың, оның ішінде өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.

2005 жылдан бері Германияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестицияларының көлемі $8 млрд-тан асты, оның шамамен 90%-ы өңдеу өнеркәсібі секторына бағытталған. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бірлескен инвестициялық портфельге жалпы құны $54,2 млрд болатын 44 инвестициялық жоба кіреді. Олардың қатарында CLAAS, Linde, Siemens, Heidelberg Materials, Knauf және басқа да компаниялардың өндірістері бар.

-Қазақстан неміс бизнесімен тығыз әрі сенімді серіктестік орнатуға ашық. Озық технологияларымызды, инвестицияларымыз бен ресурстарымызды біріктіре отырып, елдеріміздің экономикаларының игілігі үшін сенімді әрі орнықты өнеркәсіптік кооперация құра аламыз. Ортақ саяси ерік-жігер мен сындарлы диалогтың арқасында екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нақты мазмұнмен байыта түсетінімізге сенімдімін, – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Форум алаңында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ГФР Федералдық экономика және энергетика министрі Катерина Райхемен кездесті. Тараптар минералдық-шикізат базасын игеру, технологиялар трансфері және терең өңдеуді дамыту сияқты кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Сондай-ақ министрлік WILO Central Asia компаниясымен сорғы жүйелерін локализациялауды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Deutsche Bahn AG компаниясымен бірлесіп теміржол машиналарын жасау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Теги: