Қазақстан мен Италияның сауда айналымы 15 млрд долларға жуықтады
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Премьер-Министрі Джорджа Мелонимен телефон арқылы сөйлесті.
Президент, ең алдымен, Эмилия-Романья аймағында болған жойқын су тасқыны салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты барша Италия халқына көңіл айтты.
Әңгімелесу барысында екі ел басшылары саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Былтыр екі елдің өзара тауар айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Елдеріміз экономиканың түрлі саласында тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Қазақстанда Италияның 270-тен астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ мемлекет басшылары энергетика, көлік, өнеркәсіп кооперациясы және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.