Қазақстан мен Қырғызстан су қоймалары бойынша деректер алмасуды қайта жандандырады

Ақп. 9, 2026, 10:07 Т.Қ.

Астанада Қазақстан мен Қырғыз Республикасы делегацияларының гидрометеорология саласындағы ынтымақтастықты жаңғырту, сондай-ақ Киров, Орто-Токой және Тоқтоғұл су қоймалары бойынша гидрологиялық деректермен алмасу мәселелерін талқылау бойынша кездесуі өтті.

Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қырғыз тарапын Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Азамат Мәмбетов, қазақстандық тарапты Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров басқарды.

Кездесу 2025 жылғы 12-13 қарашада Астана қаласында өткен Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің XIII отырысының хаттамасын іске асыру аясында өтті. Кездесу қорытындысы бойынша «Қазгидромет» РМК мен Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы Гидрометеорологиялық қызмет арасында 2026-2028 жылдарға арналған жедел-өндірістік қызмет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, құжат өзендер мен су қоймалары бойынша жедел гидрологиялық ақпарат алмасуды, бассейндік ағынды сулар мен жауын-шашын болжамымен алмасуды, дауылды ескертулер мен хабарламаларды өзара жолдауды, сондай-ақ тәжірибе және бірлескен ғылыми-техникалық қызметпен алмасуды көздейді.

– Бұл құжатқа қол қою – су дипломатиясы мен қос мемлекеттің мамандары арасындағы көпжылдық келіссөздердің нәтижесі. Бұл екіжақты өзара іс-қимылды дамытудың маңызды кезеңі әрі мемлекеттеріміздің төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ мүддесін көрсетеді. Бағдарламаны іске асыру бірлескен іс-қимылдардың тиімділігін арттыруға, практикалық өзара іс-қимылды дамытуға және жедел ден қою тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Су қоймалары бойынша деректермен уақытылы алмасу трансшекаралық өзендердің төменгі ағысындағы халық пен инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әсіресе тасқын және су басу кезеңдерінде шешуші рөл атқарады, - деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Теги: