Қазақстан тозған жерлерді қалпына келтіру ауқымы бойынша үздік үш елдің қатарына енді

Қар. 12, 2026, 7:41 Т.Қ.

Қазақстан қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жер көлемі бойынша әлемде үшінші орынға ие болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) «Nature’s Comeback» атты алғашқы жаһандық баяндамасына сәйкес, елімізде мұндай жұмыстар 8,13 млн гектар аумақты қамтиды. Бұл республика аумағының шамамен 3 пайызына тең.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған баяндама БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция хатшылығының бірлесуімен әзірленген.

Баяндамада келтірілген деректерге сәйкес, тозған жерлерді қалпына келтіру шараларымен қамтылған жер көлемі бойынша Қазақстан тек Қытайдан (127,4 млн гектар) және Моңғолиядан (12,18 млн гектар) кейін тұр.

Жерді қалпына келтіру шараларын іске асырумен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану бағытындағы жұмысты жүйелі түрде күшейтіп келеді. Бұл ретте топырақтың жай-күйін бағалауға, тозған жер учаскелерін анықтауға және мониторинг жүргізудің цифрлық құралдарын енгізуге ерекше назар аударылып отыр.

2025–2026 жылдары жердің тозу үдерістерін көрсететін электрондық карталармен 114 млн гектар аумақ қамтылды. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде 2,7 млн гектар тозған ауыл шаруашылығы алқаптары анықталды. Бұл деректер жердің жай-күйін бағалауға, басымдық берілетін аумақтарды айқындауға, сондай-ақ жердің тозуының алдын алу және топырақ құнарлылығын сақтау жөніндегі нысаналы шараларды жоспарлауға мүмкіндік береді.

Осы бағытта мемлекеттік саясатты жетілдірудің маңызды кезеңдерінің бірі – 2026 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасының «Топырақты қорғау туралы» Заңының қабылдануы деуге болады. Аталған құжат топырақты зерттеу, қорғау және қалпына келтірудің құқықтық тетіктерін бекітіп, жер ресурстарын жүйелі түрде қорғаудың заңнамалық негізін қалыптастырады.

Қазіргі уақытта министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, топырақты қорғау саласындағы өңірлік іс-шаралар жоспарларын әзірлеп жатыр. Бұл жоспарлар жердің тозу үдерістерінің алдын алуға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қалпына келтіруге және олардың өнімділігін сақтауға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.

Осылайша, Қазақстан экожүйелерді қалпына келтірудің халықаралық тәсілдерін цифрлық мониторинг, заңнаманы жетілдіру және өңірлік жоспарлауды ұштастыра отырып, жер ресурстарын басқару жүйесін кезең-кезеңімен нығайтып келеді.

- Басты міндет – тек тозған жерлерді қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар топырақтың жай-күйіне дер кезінде назар аударып, оның құнарлылығы мен жердің өнімділік әлеуетін болашақ ұрпақ үшін сақтау, - делінген хабарламада.

Теги: