Қазақстанда 41 млн тоннадан астам жемшөп дайындалды

Қаз. 7, 2026, 8:28 Т.Қ.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 41 млн тоннадан астам жемшөп дайындады, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Фото: АШМ

Облыстар әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, бұл алдағы қысқы қора-жай кезеңіне жоспарланған көлемнің 103,6%-ын құрайды.

Атап айтқанда, 26,7 млн тонна шөп әзірленді, бұл жоспардың 104,1%-ы. Сондай-ақ 2,4 млн тонна пішендеме (102,5%), 2,8 млн тонна сүрлем (99,4%), 4,8 млн тонна сабан (102%) және 4,6 млн тонна құнарландырылған жем (80,6%) дайындалды.

– Жемшөптің негізгі түрлері бойынша жоспарлы көрсеткіштердің артығымен орындалуы қосымша қор қалыптастыруға және алдағы қысқы қора-жай кезеңінде мал шаруашылығы кәсіпорындарының ауа райының қолайсыз жағдайларына төтеп беруіне мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар шаруашылықтарда өткен жылғы қыстық кезеңнен қалған жемшөп қоры бар.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қосымша жемшөп ресурстарымен қамту мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ алдағы қысқы кезеңге астықтың жемдік қорын әзірледі. Қажет болған жағдайда ол резервтік ресурс ретінде пайдаланылады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жемшөп дайындау науқанының қорытынды кезеңіне мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр.

Барлық іс-шара жемшөптің қажетті қорын уақтылы қалыптастыруға, мал шаруашылығы кәсіпорындарын жеткілікті жемшөп базасымен қамтамасыз етуге және алдағы қысқы қора-жай кезеңінің тұрақты өтуіне бағытталған.

Теги: