Қазақстанда педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады – заң жобасы

Қаң. 31, 2024, 1:47 Т.Қ.

Парламент Мәжілісінің қарауына «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат енгізілді. Алдағы уақытта депутаттар осы құжат жобасын талқылайды.

«Бұл заң жобалары Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді. Жоба Мемлекет басшысының отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату тапсырмасына толығымен сәйкес келеді. Заң жобасында тиісті негізгі нормаларды ұсынып отырмыз. Біріншіден, ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке жатқызу және де жазасын әлдеқайда қатаңдату ескерілген. Екіншіден, жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ зорлық-зомбылық туралы БАҚ немесе онлайн платформалардағы ақпарат негізінде тиісті шараларды қабылдау құқығын беру қарастырылған», — деді депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлықын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беру ұсынылды.

«Сонымен қатар, педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы арнайы норма бар. Суицидты насихаттау немесе суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ескерілген. Бұған қоса, балаларға арналған интернаттық ұйымдарды алдын ала ескертпей-ақ, кез келген уақытта оларды тексеру және тағы басқа маңызды нормалар ұсынылды. Аталған заң жобасы бойынша Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті қорытынды әзірлеуге дайын», — деді Мәжіліс депутат.

Теги: