Қазақстанда травматология саласында қолдануға арналған отандық импланттар әзірленуде

Қар. 20, 2026, 6:40 Т.Қ.

Қазақстандық ғалымдар тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттарын хирургиялық жолмен емдеуге арналған жаңа медициналық импланттарды әзірлеуде.

Фото: gov.kz

Жоба Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандары бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Бұл бастама дәрігерлердің тәжірибесін заманауи инженерлік шешімдермен, компьютерлік модельдеу, материалтану және 3D-басып шығару технологияларымен ұштастырады.

Жоба шеңберінде қазірдің өзінде бірнеше жаңа медициналық құрылғы жасалды. Олардың қатарында омыртқа ауруларын емдеуге арналған трабекулярлы омыртқааралық кейдж, жамбас сүйегінің күрделі сынықтары мен ауыр дисплазиялық коксартроз кезінде қолданылатын арнайы пластиналар, сондай-ақ бұғана сүйегінің сынуын емдеуге және тобық үсті остеотомиясын жасауға арналған бекіткіштер бар.

Импланттардың сүйекке берік бекітілуіне және сүйек тінінің тез қалпына келуіне мүмкіндік беретін биомеханикалық қасиеттеріне ерекше назар аударылады.

Жоба зерттеудің барлық кезеңін қамтиды. Яғни құрылғыларды жобалау мен алғашқы үлгілерін жасаудан бастап, сынақтан өткізуге, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерге дейінгі жұмыстар жүргізіледі. Орталықтың эксперименттік бөлімінде материалдардың қауіпсіздігі мен бактерияға қарсы қасиеттері де тексеріледі.

Отандық импланттарды әзірлеу елімізде жоғары технологиялық медициналық өндірісті дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар орталықта заманауи цифрлық технологиялар да кеңінен енгізілуде. Қазіргі уақытта ірі буындарды эндопротездеу кезінде қолданылатын екі роботтандырылған хирургиялық жүйе іске қосылған. Бұл жүйелер әр пациенттің жеке анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып, операцияны үш өлшемді форматта дәл жоспарлауға мүмкіндік береді.

2026 жылы робот көмегімен эндопротездеу технологиясына қатысты денсаулық сақтау технологияларын бағалаудың ресми мақұлдануы да маңызды қадам болды. Бұл қазақстандық клиникаларда осындай операцияларды кеңінен енгізу үшін ғылыми дәлелдерге негізделген сенімді база қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Теги: