Қазақстанда заңды тұлғалардың банкроттығы рәсімі жаңартылды

Наурыз 26, 2026, 9:40 Т.Қ.

19 наурыздан бастап заңды тұлғалардың банкроттық рәсімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған түзетулер енгізілді, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Фото: канва

2026 жылдың 16 қаңтарында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» және «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулерге қол қойылды.

Соңғы бірнеше жылдар ішінде заңды тұлғалар банкроттығы саласы айтарлықтай өзгерістерге ұшырамаған еді. Алайда, бұл саладағы құқықтық қатынастардың үрдісі рәсімдер тиімділігін жоғарылату бойынша кезекті қадамның қажеттілігін көрсетті. Бұл ретте рәсімге қатысушылар ыңғайлылығы үшін тиісті түзетулер кезең-кезеңмен енгізіледі.

Сонымен, 2026 жылдың 19 наурызынан бастап келесілерді:

— банкроттықты басқарушыға қосымша құқықтар беруді (қосымша сыйақыны есептеу кезінде және заңды тұлғаны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгіну бойынша);

— уақытша басқарушыны шеттету функциясын енгізуді;

— кредиторлар жиналысы/комитеті отырысы туралы кредиторларды хабарландыру тәсілдерін кеңейтуді;

— алдындағы бас тартудан кейін банкрот деп тану туралы өтінішпен қайта жүгіну мерзімін белгілеуді;

— салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша кредитордан басқа өзге кредиторлар болмаған жағдайда оңалту рәсімін қолдануға жол бермеуді;

— банкроттың мүлкін тікелей сату кезінде кредиторлар жиналысының өкілеттілігін анықтауды көздейтін түзетулер қолданысқа енгізіледі.

— Аталған өзгерістер оңалту және банкроттық рәсімдерін жосықсыз пайдалану талпыныстарын азайтуға мүмкіндік береді және олардың ашықтығын жоғарылатады деп күтіледі. Өз кезегінде, бұл бағыттағы жұмыс аяқталған жоқ. Бүгінде әкімшілердің деңгейін жоғарылатуға және кредиторлардың құқықтарын кеңейтуге бағытталған «Оңалту және банкроттық туралы» Заңға түзетулер Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қаралуында, — делінген хабарламада.

Теги: