Қазақстандағы оқу бағдарламалары мен білім беру стандарттары жаңа Конституцияның нормалары бойынша қайта қаралды

Там. 18, 2026, 9:54 Т.Қ.

Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Фото: Үкімет

Оқу жылының басында Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен үлгілік оқу жоспарларды жаңартылған негізгі Заңның ережелеріне сәйкес келтірді. 

Министр жаңа оқу жылы еліміз үшін тарихи маңызы зор кезеңде басталғалы отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты қолдауларымен және іргелі реформаларының нәтижесінде білім саласында шешімін тапқан жүйелі әрі кешенді нәтижелер бар. Күшіне енген Жаңа Конституция Қазақстанның дамуының жаңа бағдарларын айқындады. Оның негізінде заң үстемдігі, еңбекке құрмет және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер қағидаттары жатыр. Бүгінгі таңда елімізде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 360 мың бала мектепалды даярлықтан өтті. 20 қалада және облыстардың 23 ауданында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруда 1,1 млн ваучер берілді. Нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқартылып, бюджет қаражатының 35,3 млрд теңгесі үнемделді», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар ведомство басшысы балалардың мамандықтар туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру және еңбекке баулу мақсатында 100 балабақшада «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» ерте кәсіптік бағдарлау әдістері пилот негізінде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Қазіргі уақытта еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданатын болады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді. Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде Жаңа Конституция қағидаттарын кезең-кезеңімен енгізу бойынша кешенді жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламалары жаңа Конституция нормаларына сәйкес қайта қаралды.

Министрдің мәліметінше жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні, 8-11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналды және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді.

Сондай-ақ үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды. Бастауыш сыныптарда бағалау тәсілдері жаңартылды. Атап айтқанда, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталды. Күнделікті (қалыптастырушы) бағалаудың рөлі күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асыратын болады. Биыл алғаш рет QazTech платформасында Бірыңғай «OQU» платформасы аясында «1-сыныпқа қабылдау» кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба шеңберінде жүзеге асырылған. Жекелей атап өтетін жайт, өтініштердің 88,7%-дан астамы электрондық форматта қабылданды. Бұл ата-аналарға білім беру ұйымдарына жеке бармай-ақ, барлық қажетті рәсімдерді онлайн режимде жүзеге асырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын аңғартады.

«1-сыныпқа балаларды қабылдау бекітілген кестеге сәйкес 2026 жылғы 27 мамырдан 31 тамызға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданады деп күтілуде. Бұл ретте ата-аналардың өтініш беру белсенділігі жоғары деңгейде сақталуда. Сонымен бірге білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 202 бала қабылданды. Жалпы, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Дамыған цифрлық инфрақұрылымның және жергілікті жерлерде жұмысты тиімді ұйымдастырудың арқасында жергілікті атқарушы органдар отбасылардың қажеттіліктеріне уақтылы ден қойып, әрбір баланы мектепке қабылдауды қамтамасыз етуді», — деді министр.

Бүгінде Қазақстан халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетін санаулы елдердің бірі болып саналады. 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Халықаралық зияткерлік жарыстарда елімізді лайықты түрде танытып жүрген дарынды оқушылар мен олардың педагогтерін ынталандырудың жүйелі тетігі қалыптасты. Атап айтқанда, Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына медаль деңгейіне байланысты 500-ден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде біржолғы сыйақы тағайындалды.

Бұл Мемлекет басшысының дарынды жастарға ерекше қамқорлығы. Жүйелі қолдау біздің оқушыларымыздың халықаралық зияткерлік жарыстардағы нәтижелерінде де айқын көрінеді. 2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысып, 1 059 медаль және 57 арнайы марапатқа ие болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда марапаттар санының 96%-ға өскенін көрсетеді. Қазақстан құрамасы робототехника бойынша төрт дүркін әлем чемпионы, химия бойынша Халықаралық Олимпиаданың үш дүркін чемпионы, ал ғылыми физикадан абсолютті чемпион атанды. Осы жылдың ең маңызды жетістіктерінің бірі Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында тарихи жеңіс болды. Қазақстан құрамасының барлық бес қатысушысы алтын медаль жеңіп алып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.

Жаңа оқу жылының ерекшелігі – жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу. Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді. Осы жылғы 12 мамырда Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Қазіргі уақытта Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жарлықты жүзеге асыру жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді жоспарды әзірледі. Министрдің баяндауынша 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында пилоттық жоба іске қосылады. Жалпы, пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Жоба 2029 жылға дейін барлық 2 600 шағын жинақты мектепке кеңейтіледі.

Мектептерді пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған 1 409 кабинеттің бүгінде 1 007-сі сатып алынды. Сонымен бірге адами капиталды дамытуға, балалар мен жастарды қолдауға, білім беруде тең мүмкіндіктерді қалыптастыруға арналған әлеуметтік жобалардыжүзеге асыру арқылы «Samruk-Kazyna» Қорының білім беру саласын дамытуға қосқан үлесін атап өтуге болады. Қор 2024 жылдан бастап мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуда. Бүгінде мұндай кабинеттер 31 мектепте ашылды. 2026 жылы жоба Ақтөбе мен Семей қалаларында тағы 15 мектепте жүзеге асырылатын болады. Күрделі жөндеу жұмыстары жалпы жобалық қуаты 117 мың оқушы орны болатын 178 мектепте жүргізілуде. Осы жылғы 1 қыркүйекке дейін 106 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта 59 мың оқушы орнына арналған 101 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 38 мың оқушы орнына арналған 72 мектептің құрылысы аяқталатын болады.

Алғаш рет 2030 жылға дейін «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданып, балаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бірыңғай жүйеге біріктірілді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін 10 индикатор және 158 іс-шара көзделген. 1 қыркүйектен бастап балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыруға және өмірлік тұрақтылығын дамытуға негізделген «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Сонымен бірге бірыңғай цифрлық мемлекеттік диагностикалық платформа енгізіледі. Ол балалардың жағдайын жүйелі түрде бақылауға, тестілеуге формалды көзқарасты болдырмауға және Ұлттық білім беру деректер қорын трансформациялау шеңберінде баланы үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2026 жылы еліміздің барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Олардың негізгі міндеттері – балалардың құқықтарын қорғау жұмыстарын үйлестіру, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды сүйемелдеу, Психологиялық қолдау көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру және бала құқықтарының бұзылуын ерте анықтау. Жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық деңгейде жоғары бағалануда. 2025 жылғы қаңтар және маусым айларында Біріккен Ұлттар Ұйымының мүше мемлекеттері Қазақстанның негізгі құқықтар мен бостандықтарды, оның ішінде балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған реформаларына жоғары баға берді. ЮНИСЕФ Қазақстанды Орталық Азия елдері, сондай-ақ бірқатар Еуропа мемлекеттері үшін балалардың құқықтарын қорғау саласындағы үлгі ел ретінде атап өтуде. Сонымен бірге ауқымды реформалар халықаралық деңгейде де мойындалды. KidsRights Index 2026 рейтингіндегі Қазақстанның позициясы елімізде балалардың құқықтарын қорғау саласында берік негіз қалыптасқанын көрсетеді. Қазақстан 194 мемлекеттің ішінде 24-орынға ие болып, жаһандық үздік-25 қатарына енді.

Тәрбие жұмысы – жан-жақты дамыған, жауапты әрі отаншыл тұлғаны қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. «Адал азамат» бағдарламасының бірыңғай дизайн-кодын кезең-кезеңімен енгізу еліміздің барлық мектептерінде жалғасуда. Оның мақсаты – заңға бағынатын, азаматтық жауакершілігі жоғары адал азамат тәрбиелеу. Жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Экологиялық ағарту жұмысының бірыңғай стандартын қабылдау және енгізу жоспарлануда.

Қосымша білім беру жүйесінде білім беру, спорттық және шығармашылық мемлекеттік тапсырыстарды бірыңғай цифрлық платформада біріктірген мемлекеттік бірыңғай тапсырыстың жаңа моделін апробациялау жұмыстары жалғасуда. Қыркүйек айынан бастап қосымша білім беруді басқарудың бірыңғай цифрлық моделіне көшу мақсатында жоба Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Павлодар және Абай облысында кезең-кезеңімен кеңейтілетін болады.

«Елімізде 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алуда. Техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студентті қабылдау жоспарлануда. Мемлекеттік білім беру тапсырысының 70%-ы техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға бағытталатын болады. Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде, кейіннен міндетті түрде жұмысқа орналастыруды көздей отырып, 10 мыңнан астам студентті қабылдау жүзеге асырылуда», — деді министр.

Биыл колледждерге құжаттарды қабылдау «OQU» бірыңғай платформасы арқылы жүзеге асырылады. Жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттардың, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының (ГОСО) және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, шамамен 500 білім беру бағдарламасы әзірленіп, жаңартылды. 27 колледжде білім беру бағдарламаларының халықаралық салалық және кәсіптік талаптарға сәйкестігін бағалау рәсімі өткізілді. Аккредиттеу қорытындысы бойынша 134 педагог пен 347 студент халықаралық сертификаттарға ие болды. Жыл басынан бері шетелдік колледждермен академиялық ұтқырлық, халықаралық салалық аккредиттеу және т.б. мәселелер бойынша 80-ге жуық меморандум мен келісімге қол қойылды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау аясында колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайту басым бағыттардың біріне айналды. Дуальды оқытумен қамтылған студенттер саны 2025 жылғы 91 мыңнан 2026 жылы 138,2 мыңға дейін артты. Дуальды оқыту 552 колледжде 11 мыңнан астам кәсіпорынның қатысуымен жүзеге асырылуда. Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының оқу-өндірістік қызметінің мүмкіндіктерін кеңейтетін өзгерістер Кәсіпкерлік кодекске енгізілді. Сонымен қатар сырттай оқыту және колледждерді рейтингтеу мәселелері бойынша Министрліктің құзыреті алынып тасталды, ал халықаралық кәсіптік шеберлік конкурстарының жеңімпаздарына Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ жоғары оқу орындарына түсу құқығы берілді. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындық барысын күнделікті негізде бақылауда ұстайтын болады.

Теги: