Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық институт өзгереді
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету функциясын басқа ұйымға бермекші.
«ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Цифрлық үкіметі қолдау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институты болып белгіленсін», - деп жазылған Үкімет қаулысының жобасында.
Айта кету керек, бұл функцияны қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» РМК атқарып отыр.
«2018 жылдан бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі институт жүргізіп жатқан жұмыс туралы хабардар етілмеген, институтты жедел басқару, жұмыстың басым бағыттары мен міндетті көлемін айқындау мүмкіндігі жоқ. Бұл жағдай ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, оны дамытуға және жүктелген функцияларды тиімді орындауға теріс әсер етеді», - деп жазылған қаулы жобасындағы негіздемеде.