Қазақстанның сұрауымен Грузияда халықаралық іздеуде жүрген бес адамды ұстады

Сәуір 1, 2026, 9:37 Т.Қ.

Қазақстан мен Грузия Ішкі істер министрліктері арасындағы өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Polisia.kz

2026 жылғы ақпанда Қазақстанға ресми сапармен Грузия Ішкі істер министрлігінің делегациясы келді. Сапар аясында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов грузиялық әріптесі Гела Геладземен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, қылмыспен күрестегі үйлестіру жұмыстары мен тәжірибе алмасуға ерекше назар аударды. Сапар екі елдің полиция ведомстволары арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталды.

Ынтымақтастық нәтижесінде Грузия тарапы Қазақстанның сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүрген бес адамды ұстады. Олардың төртеуі алаяқтық қылмыстары үшін, біреуі есірткі құралдарының заңсыз айналымы бойынша іздеуде болған.

Сонымен қатар Батуми қаласында 37 жастағы Қазақстан азаматы қолға түсті. Ол 2014-2020 жылдар аралығында Алматы қаласында ұйымдасқан топ құрамында коммерциялық ұйым атын жамылып, қаржы пирамидасын құрған.

Тергеу деректеріне сәйкес, азаматтардан инвестиция ретінде қаражат тартылғанымен, нақты табыс болмаған. Төлемдер жаңа салымшылардың есебінен жүргізілген.

Заңсыз әрекеттер салдарынан 1451 азамат зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын көлемі 10,4 млрд теңгеден асқан.

– Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Теги: