«ҚазАзот» зауытындағы төтенше оқиғадан зардап шеккен 2 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Маңғыстау облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше оқиға 18-шілде күні сағат 14.47 шамасында болған.
Оқиға орнында 4 адам зардап шегіп, барлығына «термиялық күйік» диагнозы қойылған. Екі адам жансақтау бөліміне, қалғаны травмотологиялық бөлімге жатқызылды.
– Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ҚР бас реаниматологы мен күйік жарақаттары бойынша жетекші мамандар шақыртылды. Бүгінде зардап шеккен жұмысшылардың жағдайы бірқалыпты. Барлық қажетті көмек көрсетілуде. Жағдай облыс басшылығының бақылауында, - делінген хабарламада.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, кәсіпорын жұмысшылары отпен жұмыс істеу жұмыстарын тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдемей орындалған.
– Оқиға жабық кеңістікте отпен жұмыс жүргізу кезінде болған. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы оқиғаға себеп болуы мүмкін. Анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды, - делінген еңбек инспекциясы департаментінің ресми хабарламасында.
Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы – «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания тарапынан зардап шеккен жұмысшылардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі. Бұл шара да әкімдіктің бақылауында болады.