«ҚазМұнайГаз» басшылығы «Өзенмұнайгаз» кәсіподағы өкілдерімен кездесті

Ақп. 23, 2024, 1:54 Т.Ж.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы «Маңғыстаулық жергілікті мұнайшылар кәсіподағы» ҚБ өкілдерімен дәстүрлі кездесу өткізді.

Кездесуге ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов, ҚМГ жауапты департаменттерінің директорлары, «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) Бас директоры Нұрдәулет Қилыбай, ӨМГ бас директорының орынбасарлары мен басқарушы директорлары, «Маңғыстаулық жергілікті мұнайшылар кәсіподағы» ҚБ төрағасы Бахтияр Бөлекбаев және кәсіподақ өкілдері қатысты.

ҚМГ-нің кәсіподақтармен өткізетін дәстүрге айналған бұл кездесулері еңбек ұжымдарымен тұрақты әрі белсенді диалогты қолдауға мүмкіндік береді. Кездесуде тараптар 2023 жылдың өндірістік және әлеуметтік-экономикалық қорытындыларын шығарып, еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, еңбек жағдайын, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өндірістік тәртіпті жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы пікір алмасты.

Кәсіподақ өкілдері ҚМГ-нің Маңғыстау облысы мен Қазақстанның батыс өңірлерінде қолға алған ірі әлеуметтік жобаларына оң баға берді. Атап айтқанда, еліміздің батысында ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін «ҚазМұнайГаз» былтыр желтоқсан айында «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырын реконструкциялау және кеңейту жобасының бірінші кезеңін аяқтады, бұл жұмыс құбырдың су өткізу қуатын тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін арттырды. Сонымен қатар 2023 жылдың қыркүйегінде Кендірліде су тұщыту зауытының құрылысы басталды. Одан бөлек, ұлттық компания Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салуды қолға алды, оны 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалардың жүзеге асу кезеңі мен нысандар іске қосылған кезде ашылатын жаңа жұмыс орындары қаладағы әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсерін тигізеді.

Қатысушылар6 сондай-ақ6 еңбек ұжымдарының тарапынан жиі қойылатын сұрақтарды талқылады, олардың қатарында еңбекақы, мұнай кәсіпшілігінде қолданылатын жабдықтарды сатып алу мен жаңарту, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, шаруашылық-тұрмыстық кешендерді салу, жөндеу және басқа да мәселелер бар.

Кездесуде Өзен кен орнын оңалту жобасына, оны іске асыру кезіндегі негізгі сын-тегеуріндер мен технологиялық қиындықтарға жеке тоқталды. Сонымен қатар кездесуде «Өзенмұнайгаз» компаниясының өндірістік жоспары мен қаржылық қызметінің нәтижелері, сондай-ақ электр қуатымен жабдықтау мәселесінің өндірістік процеске әсері талданды.

Теги: