Қоқысты тазалаудың орнына, суреттерді жинап әкеткен

Маусым 7, 2022, 3:39 Т.Қ.

Семейде әлдекімдер «Жаңа Қазақстанға ескі қоқыссыз!» деп жазылған және облыс әкімі Даниал Ахметов пен оның орынбасары, қала әкімі Бақытжан Байахметовтің суреті бейнеленген плакаттарды қаладағы қоқыс контейлеріне жапсырып кеткен.
⠀
Тұрғындар соңғы кезде қаланың күл-қоқысқа толып, уақытылы тазаланбай жатқанына осылай назар аудармақ болғандай.
⠀
Қоқыс жәшігіне парақшаларды жабыстырғандардың әсіресе қала әкімі Бақытжан Байахметовке ашулы екенін аңғаруға болады. Өйткені плакаттардың көбінде оның суреті мен қызметіне қатысты жағымсыз сөздер жазылған.
⠀
Ерекше флэшмобтың видеосы әлеуметтік желіде жаппай тараған соң, әлдекімдер шенеуніктердің суреттерін контейнерлерден алып кеткен. Мұны көрген тұрғындар әкімдіктегілердің шашылып жатқан қоқысты емес, плакаттарды жинап әкеткеніне ашуланды.

Теги: