Көмек сұрау да алдаудың жолына айналып барады 

Маусым 25, 2023, 7:02 Т.Қ.

Ғаламтор жүйесінің дамуы, әлеуметтік желілердің қарқынды жұмыс істеп, пайдаланушылардың артуы интернет алаяқтықтың да күш алуына себеп болып отыр. Күн сайын жаңалықтар жүлгесінде интернет алаяқтыққа ұрынған ақпараттардан көз сүрінеді. 

Енді өзіміз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіген мына бір жайтты айтуды жөн санадық. 

Біздің бір досымыздың келіншегі Алматы қаласындағы беделді колледжде оқытушы болып қызмет етті. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін бала күтімімен үйде болды. Сонда да қарап жатпай білім гранттарын оқып, кәсіпкерлікке бет бұрып, қарекет жасады. Расында да үлкен еңбекпен  бірталай жетістікке жетті. Табысы да арта бастады, араласатын ортасы да көбейді. Онлайн дүкен желісін өрістетіп, Қытайдан тауар алдырып сату арқылы кәсібін дөңгелеткен келіншектің бар шаруасы ғаламторға байлаулы болатын. Тауарға тапсырыс беретін де, сатып алатын да тұтынушылары күн санап арта түсті. Ақша аударымдары банк қосымшасы арқылы жүзеге асады. Қысқасы, кәсібін жолға қойып, көп балалы ана атанған келіншек ісін ілгері бастырып жатты. Бәрі таңғы ұйықыда жатқандағы телефон қоңырауынан басталды. Сәрсенбінің сәтті күнінде кәсіпкер келіншек жайсыз хабар естумен оянды. Телефонның арғы жағындағы дауыс төрт жыл жоғары оқу орнында бірге оқыған курстасы құрбысы екен. 

– Әсем, тыныштық па, балаңа не болды? Кореяға емдетуге апара жатыр екенсің, қаражат сұрапсың, өзімнің де қолым қысқа болып тұр айып етпе, – дейді құрбысы.  Кәсіпкер келіншек аң-таң. 

– Қайдағы  Корея, бала емдеткені несі, төрт  балапаным да қасымда, – дейді.

Құрбысы уатцап әлеуметтік желісінен келген хабарламаны жібереді. Мәтінді де жүректі елжіретіп аяушылық сезімді оятатындай жазған екен. «Қадірменді  жанашыр бауырлар. Өздеріңізден көмек сұрамасқа амалымыз қалмады. Ортаншы баламызға шұғыл түрде оңтүстік Корея еліне апарып ота жасату керек. Уақыт өткен сайын ауру асқынып барады. Қайырымды жандардан көмек сұраймын. Әсем» деп  астына тек бір ғана саны өзгеше  нөмірді жазған да, «Бұл ағамынң каспи нөмірі, менікі бұғаттаулы» деп сендірген. Осы хабарламаны  бір түннің ішінде  кәсіпкер келіншекті танитындардың бірнешеуіне жіберіп үлгерген. Ал аңқау, сенгіш  жандардың төрт-бесеуі 20-50 мың теңге аралығындағы бар қаражатын екі сөзге келмей, ақ-қарасын айырмай аударып жіберген. Ал мына курстас құрбысы да 50 мың теңге аудармақ болып,  «алдымен анықтап алайын» деп хабарласқан. Қысқасы, досымыздың келіншегі  құзырлы органдарға арызын жазды. Міне, мұндай оқиғалардың түр-түрін күнде естіп те, біліп те жүрміз. Жалпы қамсыз болу, алаңсыздық пен аңғалдық осылай  жарға жығады.  Бұрындары әлеуметтік желіні жи тұтынатын,  жазылушылары көп  танымал адамдардың атын жамылып алаяқтыққа баратындар  бүгінгі таңда  қарапйым жандардың да сыртынан пайда табуға көшкен. Мамандар мұндай оқиғаға тап болғанда яғни танысың, досың, туысың ақша сұрап, көмектесуді өтінгенде бірден құлап түспей, жай-жапсарын анықтап алуға кеңес береді.  Алаяқтықтың әсіресе интернет алаяқтықтың өрісі үлкейіп бара жатқанын қаперден шығармаған абзал. 

Жомарт Таңқы

Теги: