Куәгерлер кәсіподақ қаржысына қатысты жаңа деректерді жария етті – Алматыда Боқаевтың соты жалғасып жатыр

Қаз. 30, 2026, 10:31 Т.Қ.

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаев, оның жиені Мадияр Қалменов және жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожаға қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы басталды.

Фото: canva

Сотталушыларға алаяқтық жасау, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша айыптар тағылған.

Сотта куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр. Атап айтқанда, «ҚазТрансГаз» кәсіподағының 42 миллион теңгеден астам қаражатын жымқыруға қатысты қаржылық эпизодтар қаралуда.

Бұған дейінгі сот отырыстарында Боқаевтың автокеруен ұйымдастырудағы, мердігерлерді таңдаудағы және бөлінген қаржыны басқарудағы оның рөліне қатысты бірқатар дерек айтылды.

«ҚазТрансГаз» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Рустам Сүлеймановтың айтуынша, Боқаев компанияда өз бетінше әрекет еткен. Ол басшылықпен келіспестен өз бетінше шешім қабылдап, автокеруенді ұйымдастыру жұмыстарына жеке өзі жетекшілік еткен. Ал Боқаевты бас директордың кеңесшісі қызметіне Қайрат Шәріпбаевтың өзі тағайындаған. Сүлеймановтың сотта берген жауабына қарағанда, компания басшылығы ауысқаннан кейін де Боқаев бұрынғы артықшылықтарын сақтап қалған. Ол іс жүзінде қалыптасқан қызметтік бағыныстылық тәртібінен тыс әрекет етіп, атқарып жүрген жұмысының егжей-тегжейін жаңа басшылыққа баяндауды қажет деп санамаған көрінеді.

Компанияның баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Бексұлтан Құрманқұлдың айтуынша, Боқаев мердігерлерді өзі алып келіп, алдын ала дайындалған шығын сметаларын ұсынған. Ал кәсіподақ комитеті отырысының хаттамасына мәселелер іс жүзінде талқыланбастан, тек формалды түрде қол қойылған.

Тағы бір куәгер, «MLS-Group» ЖШС-нің бұрынғы директоры Жармұхамед Сұлтанов түсірілмеген деректі фильм үшін Боқаевқа 12,3 миллион теңгені қолма-қол бергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, жарнамалық қызметтер үшін түскен қаражаттың бір бөлігі Боқаевтың жиһаз кәсібін дамытуға жұмсалған.

Бұған дейін кәсіподақтың бұрынғы төрайымы Зауреш Маханова да мердігер компанияларды Боқаевтың өзі ұсынғанын айтқан болатын. Оның мәлімдеуінше, Боқаевтың жиені келісімшарттарды алдын ала әзірлеп, тиісті сомаларын көрсетіп, қол қоюға дайын күйінде әкеліп отырған.

Теги: