Мәдениет министрі мәдениетті ме?

Маусым 22, 2022, 1:15 Т.Қ.

Естеріңізге салайық, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қайбір күні елдегі туризм саласына қатысты есеп беру кезінде тілшіге қалджыңдаймын деп, сөзге қалған еді.

Министр Бозжырадағы туризмді дамыту үшін қандай жоспар бар екенін айтып, журналистің өзіне «Сверху или снизу?» деген сұрақты бес мәрте қойған еді. Министрдің осы қылығына қатысты мәселені Menmedia тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Д.Абаевтың өзінен сұрады .

«Біздің әріптестеріміз де, басқа жұрт та сіздің сол кездегі қылығыңызды дұрыс қабылдаған жоқ. Мұндай нәрсе Мәдениет министріне жарасады деп ойлайсыз ба?», – деген сауал қойды тілшіміз.

«Бұл 3-4 апта бұрын айтылған нәрсе ғой. Ол Бозжыраға қатысты болатын. Бозжыраға барудың екі тәсілі бар. Мәселе сол бойынша болды. Мен тек өзімнің не айтқаныма, қалай айтқаныма жауап беремін. Бірақ оны қалай қабылдағыларыңыз келетініне жауап бермеймін. Әріптестер, сол себепті Бозжыра туралы болғанды, Бозжыра қылып айту керек», – деп жауап берді Абаев.

Демек, Дәурен Абаев өзінің әрекетін ерсі санамайды. «Ол кезде Бозжыраны боздатып едім» деген Абаевтың көмекейі қалай бүлкілдегенін сол кезде бәрі көрген. Мәжілістің экс-депутаты Бекболат Тілеухан да өткен жылдың соңында журналистің жеке басына тиетін сөздер айтып, басы дауға қалғаны ұмытылған жоқ.

«Ескі Қазақстанның» кадрлары Жаңа Қазақстанда да ескі тәсілмен жұмыс істеп жүргеніне бір дәлел осы…

Теги: