Мәсімов Кенесары ханның басын қайтарамын деп қазаққа жағынғысы келді – Жамбыл Артықбаев
Әлеуметтік желіде Кәрім Мәсімов қамауға алынғалы бері түрлі ақпарат айтылып жатыр.
Белгілі тарихшы, профессор Жамбыл Артықбаев ҰҚК бұрынғы басшысының халыққа жақсы болып көріну үшін жасаған қулығын ашып айтты.
2016 жылы Премьер-Министр болған кезінде Кәрім Мәсімов Кенесары ханның бас сүйегін елге қайтару туралы келісім жасағанын мәлімдеген еді. Бірақ оның соңы нәтижесін берген жоқ.
Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, Кәрім Мәсімов бұл ісі арқылы қазаққа жағынғысы келген. Тіпті ол Кенесары хан жайлы зерттемек түгілі, оқыған адам емес деп отыр.
– Бізде көп нәрсені популизмге айналдырып жібереді. Халыққа жағыну үшін белгілі бір адамдар шығады да, «мен осындай істеймін» дейді. Ұлттық кұндылықтарды ешқандай ақшамен, билікпен есептеуге болмайды. Ал бұлар билік пен атағын шығару үшін неше түрліні істейді. Бұл да содан туған пиғыл ма, деймін. Өйткені Мәсімов өмір бойы Кенесарыны зерттеп өткен адам емес.
Тарихтан кішкене хабары бар біреулер Кенесарыны әкеп беремін десеңіз, сіз қазаққа жағасыз деп айтты ғой. Ол Абай туралы да кітап шығарды. Бізде дайын тұрады ғой көмектескіштер, – дейді Жамбыл Артықбаев.