Мәжіліс депутаты соңғы қоңырауды басқа күнге ауыстыруды ұсынды

Қаң. 18, 2023, 4:22 Т.Ж.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Қазақстанда Соңғы қоңырауды 31 мамырдан басқа күнге ауыстыруды ұсынды.

Ол зұлматты жылдар қасіретін жадымызда сақтап, сабақ алу үшін 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленгенін еске түсірді.

«Тоталитарлық жүйенің қанды қасабына іліккен миллиондаған жанның қасіретті тағдырына ойлана қарап, аяулы есімдерін ардақтай еске алып, шын көңілімізбен лайықты құрмет көрсете алмай келеміз», – дейді Аманжол Әлтай.

Оның айтуынша, күні Алаш арыстарының рухына жасап жүрген құрметіміз олардың ескерткіштері мен мемориалдық орындарға гүл шоғын қою, сол жерлерде бірер парақ сөз оқудан аспай тұр. Оның үстіне, дәл осы күнге мектептерге соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасын қатар қойған.

«Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы №363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 31 мамыр болып бекітіліп отыр. Бұл шешімнің бейіт басында той жасағандай әсер етіп тұрғанын айтпасақ болмайды», – дейді ол.

Депутат бұл министрлікте осыны уақытында аңғарып, дер кезінде бұл тұрғыда оңтайлы шешім ұсынуға түсінігі жететін бір адамның табылмағанына қынжылды.

Теги: