Мәжілістің экс-депутаты Тасмағамбетовті президенттікке ұсынды

Қыр. 14, 2022, 7:18 Т.Ж.

Белгілі қоғам қайраткері, Мәжілістің экс-депутаты Амангелді Айталы алдағы президент сайлауынан үміткер ретінде бұрынғы премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовті көргісі келетінін айтты.

Ол қазақтың іскер азаматына халық болып сұрау салу қажет деп санайды екен.

– Жалпы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы сайланды. 2024 жылы екінші сайлауы, 2029 жылы соңғы сайлау болады. Қалай болғанда да Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттік өкілеттілігі 2029 жылы бітеді. Сондықтан президент қалған 9 жылымды үзбей, ортасында сайлау өткізбей, халықты алаңдатпайын деп ойлаған шығар. Себебі сайлау болған соң түрліше қауесет, әңгіме көбейеді. Сондықтан биыл сайланып, 2029 жылға дейін өкілеттігін пайдаланып, «Жаңа Қазақстан» деген идеяны үзбей, сабақтастықпен өткізу ниеті болған болар, – деп пікір білдірді Амангелді Айталы.

Сонымен қатар Мәжілістің экс-депутаты келесі президенттің қандай болуы керектігін атап өтті.

– Мәселен, халық аузында Тасмағамбетовтің аты айтылады. Ол талай мемлекеттік қызметте жүріп, премьер-министрге дейін жетіп, талай жұмыстар атқарды. Өзінің пікірі, өткір сөзі, қазақы мықты психологиясы, басқа ұлттарға өзінің жағымды қасиеттері бар. Алматылықтардың, Астана секілді қала халқының ойынан шығып, жоғары баға алған азамат, – дейді қоғам қайраткері.

Теги: