Мемлекет басшысы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақ қыздарын құттықтады

Қаз. 20, 2026, 7:33 Т.Қ.

Отандастарымыз әлемдегі ең мықты, әйгілі команда – Қытай құрамасына ғана есе жіберіп, үлкен нәтиже көрсетті.

Фото: Ақорда

Президент құттықтауында даңқты шахматшы Бибісара Асаубаева бастап барған Қазақстан құрамасы беделді турнирдің бірде-бір ойынында жеңілмегенін атап өтті. Мұны шахмат сарапшылары үлкен жетістік ретінде бағалап отыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев біздің шахмат шеберлері өткен олимпиададағы табысты жолын жалғастырғанына назар аударды. Қазақстан командасы сол кезде де екінші орынға табан тіреген еді. Бұл спортшыларымыздың деңгейі биік, талантты, еңбекқор екенін, сондай-ақ отаншылдықты нақты іспен дәлелдей алатынын көрсетеді.

Мемлекет басшысы шахматшы аруларымызға толайым табыс, зор денсаулық және бақ-береке тіледі.

Теги: