Мемлекет басшысы еліміздің бейбітсүйгіш сыртқы саясат бағдарын ұстанатынын айтты

Там. 19, 2026, 11:22 Т.Қ.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

– Өздеріңізге мәлім, Қазақстан қазіргідей аса күрделі геосаяси жағдайда бейбіт сыртқы саясат жүргізіп келеді. Біз бейбітшілік салтанат құруға тиіс деп санаймыз. Сондықтан Орталық Азияда да, одан тысқары жерлерде де бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап, ынтымақтастықты өрбіту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларға Қазақстанның экономикалық әлеуеті және ұлттық экономикаға шетелден инвестиция тарту ісіндегі табыстары жөнінде мәлімет берді.

– Біз елімізге шетел инвестициясын тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Әлбетте, Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін шетелдік кәсіпкерлерді және ірі компанияларды құшақ жая қарсы аламыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің нарықта ірі халықаралық компаниялардың басым бөлігі қызмет етеді. Бұл саясаттан айнымайтынымызға сенімдімін. Шетелдік инвестицияға қатысты ашық есік саясатын дәйекті түрде жалғастыруға ниеттіміз, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар жөнінде айтты. Оның қисынды жалғасы тарихи Құрылтай сайлауы болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі түбегейлі өзгерістер халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты нығайтатын тың мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді. Сөз соңында Президент Астананың елшілер өкілдік ететін мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтып, сан қырлы ықпалдастықты дамытуға мүдделі екенін растады. Сондай-ақ мемлекеттер басшыларына жылы лебізін жолдады.

Теги: