Мемлекеттік рәміздерге жауапкершілік күшейтілмек
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мәлім етті.
— Бүгінде министрлік 2025 жылғы 27 наурыз күні Атырау облысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, оның ішінде мемлекеттік туды қорлау фактісі бойынша Атырау облысының ішкі істер департаментімен, Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізілді. Атап айтқанда, сауда үйлерінде, кинотеатрларда, халық көп шоғырланатын жерлерде арнайы бейнероликтер арқылы ақпараттық насихатталып жатыр, — деп жауап берді агенттік жолдаған ресми сауалға Қанат Ысқақов.
Одан бөлек, министрлік «Ozon.kz», «Wildberries.kz», «Temu.kz» халықаралық онлайн платформаларына, «Kaspi.kz» «Halyk.kz» «Jusan.kz» «Freedom.kz» банкі және басқа да қазақстандық интернет дүкендеріне ресми хат жолдап, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған.
— Сонымен қатар, қолданыстағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық заңына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 458-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделгенін мәлімдейміз, — дейді ол.