Мемлекеттік сатып алу: отандық тауар өндірушілерге 30% міндетті аванс беріледі

Маусым 3, 2025, 7:05 Т.Қ.

Биыл 1 қаңтарда «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңымен отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған бірқатар іс-шара қабылданды. Ол туралы толығырақ Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтып берді.

ОКҚ

— Біріншіден, ұлттық режимнен алып қою тізбесін одан әрі кеңейту. Тәжірибе көрсеткендей, тандық тауар өндірушілерді қолдаудың бұл тетігі оң нәтиже көрсетті. Осыған байланысты, салалық мемлекеттік органдарға алып қоюды белгілеу құралын белсенді пайдалану ұсынылады. Екіншіден, Қаржы министрлігі бекіткен тізбе, тәртіп және көлем бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу. Бұл шара отандық шағын және орта бизнесті қолдауға және оларды сатып алу көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Үшіншіден, бір көзден алу тәсілімен офтейк-келісімшарттар жасасу, — деді Дәурен Кеңбейіл Үкімет отырысында.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, қолданыстағы мемлекеттік сатып алу қағидалары отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған.

— Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді отандық тауар өндірушілер тізіліміндегі өнім берушілерден сатып алуға басымдық берілді. Отандық тауар өндірушіге 30% мөлшерінде міндетті аванс беріледі, бұл біздің отандық тауар өндірушілерге шарттық міндеттемелерді уақытылы және тиісінше орындауға мүмкіндік беріп отыр. Отандық тауар өндірушілерді қосымша тексерістерден барлық түрінен босату (авансты, шартты және демпингке қарсы шараларды қамтамасыз ету), бұл өнім берушілерге өз қаражатын өндірісті одан әрі дамытуға бағыттауға мүмкіндік беріп отыр, — дейді ол.

Теги: