Мүгедектік пен асыраушысынан айырылу бойынша төлемдерге 496 млрд теңге жұмсалды

Қыр. 22, 2025, 6:44 Т.Қ.

Қазақстандықтарға жыл басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылуына байланысты 496 млрд теңгеге жуық сомада жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер төленді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайында төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға (МӘЖ) 436,1 млрд теңге бағытталды. Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша 59,8 млрд теңгеге жуық әлеуметтік төлем жүзеге асырылды.

- 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі үшін МӘЖ алушылар саны 543,7 мың адамды, ал асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар 184,1 мың адамды құрады.

МӘЖ мөлшері мүгедектіктің тобына, себебіне және «Республикалық бюджет туралы» заңда бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты белгіленеді. Ал асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақының көлемі қайтыс болған асыраушысының асырауындағы адамдар санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне тәуелді болады, - деп түсіндірді ведомстводан.

Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер орын алған жағдайда МӘСҚ-дан төлемдер төленеді. 1 қыркүйектегі дерек бойынша 97 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем, ал 65,9 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алды.

Бұл төлемдердің көлемі соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдар санына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.

Аталған әлеуметтік төлемдер республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақыларға қосымша жүргізіледі.

- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша МӘЖ мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5%-ға өсті. Сол сияқты Үкімет шешімімен МӘСҚ есебінен төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу төлемдері де 6,5%-ға артты, - делінген ақпаратта.

Мәселен, жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ көлемі биылғы жылы 1-топ үшін – 101 702 теңгені, 2-топ үшін – 81 362 теңгені, 3-топ үшін – 55 474 теңгені құрады. Ал еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 71 468 теңгені, асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер 74 460 теңгені құрап отыр.

Теги: