«Назарбаев ренжімейтін шығар»: Мәслихат Астана қаласы деп қайта атауды бірауыздан мақұлдады
Елордалық мәслихатта Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана қаласы деп өзгеру мәселесін талқылауға арналған қоғамдық тыңдау өтті.
⠀
– Ұсыныстар соңғы 2-3 жылдың көлемінде толастаған жоқ. Оны әлеуметтік желілерден, баспасөз беттерінен, тіпті офлайн форматтағы әртүрлі кездесулерде өздеріңіз байқап көріп жүрсіздер. Мысалы, биыл жылдың басынан бері Нұр-Сұлтан қаласының ономастика комиссиясына еліміздің елордасының атын Нұр-Сұлтан қаласынан Астана қаласы деп қайта өзгерту жөнінде қала тұрғындарынан ресми 17 ұсыныс түсті, – деді Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркепов.
⠀
Сонымен бірге ол 14 қыркүйекте қалалық ономастика комиссиясы Нұр-Сұлтан қаласын Астана қаласы деп қайта өзгерту туралы ұсынысты қолдағанын айтты.
⠀
Қоғамдық тыңдауға қатысқан ономастикалық комиссияның мүшесі Бүркітбай Аяған да бұл ұсынысты қолдап, пікір білдірді.
⠀
– Біз тұңғыш Президентке ризамыз, бірақ оның аты асығыс болған шығар… ономастикалық комиссия Астана қаласына оралу туралы біздің ұсынысымызды егжей-тегжейлі қарап, оның талаптарға сай келетінін және ең бастысы-қоғамды біріктіруге мүмкіндік беретінін есептеді. Себебі біз қоғамдағы бөлінуді көріп отырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы да түсінеді және ренжімейді деп ойлаймын. Ономастикалық комиссияның шешімі әділ әрі объективті болды деп есептеймін, – деді Мемлекеттік тарихи институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған.
Ал мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов Астана атауын өзгерткені үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрауға дайын екенін мәлімдеді.
– 2019 жылы шешім қабылдаған алтыншы шақырылым депутаттары. Біз жетінші шақырылым депутаттарымыз. Сол кезде қарсы шыққан халықтан кешірім сұрайды ма, деп отырсыздар. Біз сол кездегі атауды қайтадан тарихи шеңберіне қайтарайын деп отырмыз. Сол шешімді қабылдасақ, сол кешірімге тең болады. Қажет болса, халықтан кешірім сұрауға дайынбыз, – деп қорытындылады мәслихат хатшысы.