Назарбаевтың айлығы мен шайлығы

Мамыр 23, 2022, 3:38 Т.Ж.

Экс-президенттің кеңсесіне биыл бюджеттен қанша қаржы бөлінді?

Қаржы вице-министрі Т.Савельеваның жауабы мынадай болды: «Конституцияның қолданыстағы 46-бабына сәйкес Республика президентін, Республиканың экс-президенттері мен олардың отбасыларын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

Бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебенсі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және Конституциялық заңмен айқындалады.

Конституциялық заңның 4-бабына сәйкес елбасының қызметін ақпараттық-талдамалық, құжаттамалық, ұйымдастырушылық-хаттамалық және өзге де қамтамасыз етуді және оның мәртебесін іске асыруды мемлекеттік мекеме болып табылатын Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесі жүзеге асырады.

Бұдан басқа, Конституциялық заңның 9-бабына сәйкес Тұңғыш Президент – Елбасы Республика Президентінің өкілеттігін орындаған кезеңде ол Тұңғыш Президент – Елбасының қорын, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын құрады және қалыптастырады. Тұңғыш Президент – Елбасының және кітапханасы мен жеке мұрағаты ұлттық игілік болып табылады және мемлекет меншігі болады.

Тұңғыш Президент – Елбасының қызметін қамтамасыз ету, оның ішінде қорды толықтыру мен ұстауға және оның үй-жайларын күзетуге, жеке кітапхана мен жеке мұрағатты сақтауға арналған шығыстарды қаржыландыру Конституциялық заңның 12-бабына сәйкес республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

2022 жылға арналған республикалық бюджетте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің қызметін қамтамасыз етуге 1 249, 6 млн теңге сомасында және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметін қамтамасыз етуге 1 392, 9 млн теңге сомасында шығыстар көзделген».

Конституцияға өзгертулер енгізу үшін биыл 5 маусымда референдум өтпек. Референдум сәтті өтіп, өзгертулер қабылданса, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң күшін жоюы мүмкін. Ал егер бұл заң күшін жойса, экс-президент Назарбаевтың «айлығы» мен «шайлығына» бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де өзгермек.

Теги: