Нұртөре Жүсіп: Қазақ қоғамын өзгертетін күш – еңбек пен тәртіп

Шілде 17, 2026, 11:07 Т.Қ.

Белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің айтуынша, дамыған мемлекеттердің жетістікке жетуінің басты негізі – еңбекқорлық пен темірдей тәртіп. Оның пікірінше, уақытты тиімді пайдалану, жауапкершілік пен күнделікті өмірдегі тәртіп кез келген елдің өркендеуіне тікелей әсер етеді.

Фото: Сенат

Қазіргі қазақ қоғамында сағаттап кешігіп басталатын той-томалақтар мен түн ортасына дейін созылатын жиындар уақытты ысырап етіп қана қоймай, адамның биологиялық ырғағына да кері әсерін тигізеді. Шала ұйқымен, дұрыс тынықпай жұмысқа шығу еңбек өнімділігін төмендетіп, сапалы нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіреді. Сондықтан биологиялық заңдылықтарды сақтап, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – ел болашағы үшін маңызды міндеттердің бірі.

Қайраткер бүгінгі жаһандық бәсеке жағдайында Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропаның дамыған елдері уақытты тиімді пайдалану мен тәртіптің арқасында алға озып кеткенін атап өтті. Оның пікірінше, жастар мақсатсыздық пен ұйқысыздыққа бой алдырмай, заман талабына бейімделіп, уақыттың қадірін білуі қажет. Сонда ғана елдің дамуына нақты үлес қоса алады.

«Дамыған ұлттардың, озып кеткен мемлекеттердің барлығын алып қарасақ, бірінші – тәртіп. Соның бәрін үлкен деңгейге жеткізген – тәртіп. Яғни ол қарапайым, таңнан жұмысқа барғаннан кеткенге дейінгі аралықтағы тәртіп – қызметтің тәртібі, одан қалғаны – өмірдегі тәртіп. Еңбек пен тәртіп – қазақ қоғамын алға жетелейтін үлкен күш. Біз дамыған 50 елдің қатарына кіреміз деп үлкен міндет қойдық. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген бар ғой. Ол дегеніміз – әдіске, айлаға, әрекетке, нақты мақсатқа байланысты», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Сөз соңында қоғам қайраткері жастарды ұйқы режиміне ерекше мән беруге шақырып, денсаулықты сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.

«Қазақ қауымына айтарым, биологиялық циклді сақтау керек. Бұл – денсаулықтың кепілі», - деді қоғам қайраткері.

Теги: