«Оқушыға орамал не керек?!» Аймағамбетов ескі даудың қоламтасын тағы үрледі

Маусым 8, 2022, 8:15 Т.Қ.

Кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов орамал тағуға тыйым салғандықтан, ата-анасы мектепке баруға рұқсат бермей отырған оқушыларға қатысты ережені жеңілдету қарастылып жатқанын айтты. 

«Қазақстан – зайырлы мемлекет, мектеп те зайырлы әрі мемлекеттік мекеме. 2016 жылы қабылданған бұйрық пен талаптар бар. Дегенмен әртүрлі топтардың инклюзивтілігін қамтамасыз ету маңызды екенін көріп отырмыз. Мысалы, біз ата-анасы орамал таға алмағандықтан мектепке жібермей жүрген қыздардың мәселесін қарастырдық. Осы себепті балалар мектепке бармаса немесе қашықтан оқуға көшуге мәжбүр болса, бұл кері әсер етеді. Ал біз инклюзивті қоғам болуымыз керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

Алайда, министрдің осы пікірінен кейін қоғамда «орамал» мәселесі қызу талқыға түсті. Заңгер Айгүл Орынбек министрге қарата былай деді:

«Дамыған елдер ғылымға, өркениетке ұмтылса, біз – шүберектен әріге аса алмай отырмыз! Балаларға кәмелет жасына жетпей ата-анасы өз наным-сенімдерін тықпалап, мәжбүрлеуге болмайды» деген заңды енгізу керек! Әр бала кәмелет жасқа толғанда бұл мәселені өзі шешуі керек! Асхат Аймағамбетов мырза, балалардың киімімен емес, ең алдымен білімімен айналысқаныңыз жөн!»

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлы мәселенің екі жағын қарастырады.

«Дәл қазір хиджаб мәселесі неге қозғалды? Бірінші, хиджаб киюге рұқсат бермегені үшін, өзге елге көшіп кеттік деп қағаз жасатып, бірақ, білім алмай қалып жатқан қыз балалар жылдан жылға көбейді.

Екінші, Ресейдің немесе басқа елдердің онлайн мектептеріне тіркеліп қойып, оқыған оқымағаны белгісіз адам көбейді.

Үшінші, кейбір құжат жүзінде қарапайым, бірақ іс жүзінде діни жеке мектептер пайда бола бастады», – деген ол  хиджабқа рұқсат берсе не болатынын да айта кетті.

Бірінші, мектепте оранып жүрген оқушылар саны өте қатты көбейеді. Бұл діни мәселе оқушылар арасында қандай ықпалы болады? Екінші, мектепте баланың отбасының діни көзқарасы анық киімнен білінеді. Бұл алауыздық тудырмай ма? Үшінші, жоғарыда шетелге онлайн кеткен, өтірік көшіп кеткен білім алмай жүрген қыз балалар мектепке оралады.

Дәл қазір қарап тұрсаң, былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі. Не істемек керек?», – деген пікірін ортаға салды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шокин әлеуметтік желідегі пікірінде былай дейді:

«Дін мектепке кірсе не болады? Дін насихаты көбейеді, балаларға шығармашылықпен айналысуға және толыққанды дамуға көп шектеу енгізіледі, намазханаларды ашуға, қыздар мен ұлдарды бөлек оқытуға, биология, анатомия, сурет салу, музыка пәндерін оқу бағдарламасынан алып тастау сияқты талаптар пайда болады. Хиджаб діннің зайырлықтың алдында жеңгенінің жалауына айналады.

Психология ғылымы жағынан қарау қажет. Балалар мектептен бастап теңдікте, қыз балалар ер балалармен араласып өскен жөн деп айтылады. Сондықтан дамыған елдердің көбінде осы ескеріліп, балалар бірге оқиды.

Зайырлылық – мемлекеттік басқару діни емес, парламент қабылдаған демократиялық заңдармен жүргізіледі. Зайырлылық мемлекет ұйымдардың діннен бөлінгенін білдіреді. Мемлекет өз қарамағындағы ұйымдарда дінді насихаттауға жол бермейді.

Үйде және далада орамал тағуға шектеу жоқ! Ал мемлекеттік ұйымдарда өз тәртібі бар! Ғасырлар бойы қазақ жерінде орамалды балалар ешқашан тақпаған! Тек тұрмыс құрып, бала тапқан әйелдер орамал таққан!

Дамыған елдерде халық білімге және ғылымға бет бұрады, құқық мәдениеті жоғары болғасын қоғам радикализме ұрынбайды. Ал бізде негізгі қауіп – зайырлы мәдениет қалыптасқан жоқ. Біз мектепті дінге ашсақ, дүниетанымыздан және ұлттық кодымыздан айырыламыз деп ойлаймын. Біз қазақ мәдениеті мен дәстүрін жоғалтып, басқа елдердің мәдениетіне тәуелді болуымыз ғажап емес. Еуропа және Америка елдерінде ондай қауіп жоқ», – депті.

ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Каримованың айтуынша, «Қазақстан – ол зайырлы мемлекет. Сол себепті мектептер де зайырлы мекемелер болып саналады».

«Мектеп формасы туралы 2016 жылғы бұйрық бар, ол күшін жойған жоқ. Біз біліммен қамтылмауы мүмкін қыздарды оқу процесіне қосу туралы айтып отырмыз. Сондықтан бұл мәселені шешудің жолдары мен тетіктен іздестіріп жатырмыз.

Бұл жерде әңгіме хиджаб туралы болып отырған жоқ. Түрлі ұсыныстар түсіп жатыр, соның ішінде оларды өзіміздің отандық мектептерде онлайн оқыту мүмкіндігі және оларды оқу үдерісіне тарту бойынша басқа да ұсыныстар бар. Ең бастысы, барлығын орта біліммен қамту.

Бұл балалардың осы бөлігін мектепте білім алуы үшін жасалып отыр. Тағы бір айтарым, қазіргі уақытта мектеп формасына қатысты бұйрық өз күшінде, ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ.

Біз барлық баланы біліммен қамтамасыз етудің түрлі мүмкіндіктерін талқылаймыз. Бұл эмоцияға беріліп шешілетін мәселе емес, қоғамда әртүрлі пікірлер бар екені рас. Ең алдымен балалардың мүддесі мен заңнамадағы нормаларды негізге алуымыз керек», – деп жауап берді.

Теги: