Олжас Бектенов Иран елшісінің Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдемесіне орай пікір білдірді

Наурыз 27, 2026, 6:24 Т.Қ.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысы аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанның ЕҮАК-қа төрағалығын ескере отырып, Иран Ислам Республикасының елшісі Али Акбар Джокардың Иран төңірегіндегі және жалпы Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалға қатысты мәлімдемесіне орай пікірін білдірді.

Үкімет

Олжас Бектенов ЕАЭО-ның экономикалық сипатын атап өтті.

-Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимыл тек экономикалық сипатқа ие, оның мандаты халықаралық саяси және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылауды көздемейді, — деді Олжас Бектенов.

Иран Ислам Республикасы Елшілігінің мәлімдемесіне қатысты, өкінішке қарай, соңғы уақытта әлемдегі орын алған геосаяси ахуал өте күрделі әрі тұрақсыз күйде қалып отырғаны атап өтілді.

Көптеген елдерде қарулы қақтығыстар шиеленісіп, бұл жаһандық экономикаға теріс әсерін тигізуде. Қазақстан Президенті елдің ұстанымын білдіріп, азаматтық және экономикалық нысандарға жасалатын қарулы шабуылдарды тоқтатуға және келіссөздер үстеліне оралуға шақырды.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осынау қиын жағдайда біздің еліміз делдал рөлін көздемейтінін атап өтті. Сонымен қатар мүдделі тараптар ниет білдірген жағдайда, Қазақстан киелі Түркістан қаласында бейбіт диалог ұйымдастыруға дайын,-деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов Қазақстанның барлық серіктестері қақтығысты тез арада тоқтатып, келіссөздер үдерісіне қайта оралу туралы ұстанымды қолдайтынына сенім білдірді.

Теги: