Олжас Бектенов Президент тапсырмалары аясында отандық өндірушілерді қолдау жөнінде бірқатар тапсырма берді

Там. 4, 2026, 10:44 Т.Қ.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауарларды қолдау және ілгерілету мәселелері қаралды.

Фото: Үкімет

Жиында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев және Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиев, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әкімдері ішкі нарықты отандық өніммен қамту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша баяндама жасады.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы отандық өндірістің өсуі үшін қолайлы жағдай жасау міндетін қойғанын атап өтті. Ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін арттыру жергілікті өндірістің дамуына серпін беріп, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді әрі ел экономикасын нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктері іске қосылды. Ұлттық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беріледі. Салықтық және мемлекеттік қолдаудың өзге де шаралары жаңа өндірістерді іске қосып, қолданыстағы өндірістердің қуатын кеңейтуге қолайлы жағдай жасап отыр.

Мемлекеттік қолдау шараларына жедел қол жеткізіп, тауарлардың жергілікті шығу тегін растау мақсатында Отандық өндірушілердің тізілімі жасалды. Ол мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу рәсімдері кезінде адал кәсіпкерлерге басымдық берілуін қамтамасыз етеді.

Биыл іске қосылған Ұлттық тауарлар каталогі тауарларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйенің негізін қалады.

«Қабылданып жатқан шаралардың барлығы бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құруға және дамытуға бағытталған. Субсидиялардан бастап, тауарларды әлемдік нарыққа ілгерілетуге дейінгі мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикалары қолданады. Біз де осы саясатты ұстанамыз. Өйткені оның нақты нәтижесін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан бүгінде ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі шамамен 10%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келеді. Бұған экономика салаларын кешенді мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жеткіздік», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр ендігі міндет – ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруды жалғастырып, өткізу нарықтарын кеңейту және қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарда неғұрлым белсенді ілгерілетудің маңызды екеніне назар аударды. «Қазақстанда жасалған» ұлттық таңбасы тұтынушылардың сенімі мен жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.

Бірінші. Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бір ай ішінде «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын тауарларды қолдау мен ілгерілетудің кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет.

Сондай-ақ бір ай мерзімде халық арасында ең көп сұранысқа ие басым тауар санаттарын айқындау қажет. Әрбір санат бойынша ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттыруға арналған нысаналы көрсеткіштерді белгілеу керек.

Сауда желілерімен бірге отандық сауда маркаларын дамытып, қазақстандық өндірушілермен ұзақмерзімді жеткізу шарттарын бекіту қажет.

«Халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер көп жағдайда сауда алаңдарына қол жеткізе алмайды, оның ішінде жалдау ақысының жоғары болуына байланысты қиындықтар да бар. Бұл ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін кеңейтуге кедергі келтіріп, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуі тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру моральдық жағынан ғана емес, құқықтық тұрғыдан да дұрыс емес», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, тауарлардың барлық санаттарын, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын отандық өндірушілерге сауда алаңдарын жалға алудың қолайлы шарттарын ұсынудың нақты тетіктерін әзірлеу тапсырылды.

«Қазақстанда өндірілетін танымал тауарларды, атап айтқанда азық-түлік және кондитерлік өнімдерді қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар орын алуда. Мұның барлығының көздеген мақсаты бір – бәсекелестерді нарықтан ығыстырып, олардың орнын иемденіп қалу. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқанның жүргізілуін қамтамасыз етсін», — деп тапсырды Премьер-министр.

Екінші. Отандық өндірушілер өз өнімдерін өткізу кезінде негізсіз әрі басы артық әкімшілік талаптарға тап болмауы тиіс. Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауарларды өткізуге және экспорттауға кедергі келтіретін талаптар мен шектеулерді қайта қарап, оларды жою жөнінде нақты шаралар қабылдау жүктелді. Үкімет басшысы барлық талаптар бір құжатта жинақталып, жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйеде нақты көрініс табуы тиіс екенін атап өтті.

Үшінші. Ішкі нарық негізгі азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар дайын өнім өндіруге қажетті импорттық шикізат пен құрамдас бөліктерге тәуелділік әлі де бар. Әсіресе, азық-түлікке жатпайтын тауарлар секторында тәуелділік жоғары. Сауда, Өнеркәсіп және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне бір ай мерзімде Қазақстанда өндірілуі қажет болатын аса маңызды импорттық тауарлардың, шикізаттың, материалдар мен қосалқы бұйымдардың тізбесін айқындау тапсырылды. Әрбір позиция бойынша жүзеге асыру мерзімдерін белгілей отырып, отандық өндірісті құру немесе кеңейту бағытында нақты шаралар әзірлеу қажет.

Төртінші. Экономиканы дамытуда болашағы зор бағыттардың бірі – жеңіл өнеркәсіп. Шілде айында 2030 жылға дейінгі Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Оны тиімді әрі уақтылы жүзеге асыру отандық өнім өндірісінің көлемін арттырып, ішкі нарықты толықтыруды және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етуі тиіс. Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жоспарланған іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Бесінші. Ішкі нарықты отандық агроөнеркәсіп өнімдерімен толықтыруды жалғастырып, өткізу арналарын кеңейту, сондай-ақ өнімді сыртқы нарықтарға белсенді ілгерілету қажет. Мал шаруашылығын, әсіресе мультипликативтік әсері жоғары етті мал шаруашылығын дамыту басым бағыттардың бірі болуы тиіс. Осы әлеуетті барынша тиімді пайдаланып, ет өнімдерін экспорттаушы жетекші елдердің бірі ретінде Қазақстанның сыртқы нарықтардағы рөлін нығайта түсу керек. Ұлттық экономика министрлігіне мал шаруашылығы және инвестициялық жобаларды несиелендіру мақсатында «Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталын ұлғайтуға қатысты қаржы-экономикалық негіздемені барынша қысқа мерзімде қарап, тиісті қорытынды ұсыну тапсырылды.

Алтыншы. Cенімді деректерсіз отандық өнімнің нақты үлесін және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау мүмкін емес. Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық тауарлар каталогі негізінде тауарларды қадағалаудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыруды аяқтау жүктелді. Аталған жүйені Мемлекеттік кірістер комитетінің деректерімен, Отандық тауар өндірушілердің тізілімімен және басқа да ақпараттық жүйелермен интеграциялау тапсырылды.

Жетінші. Қазақстандық дайын өнімнің сыртқы нарықтардағы үлесін кеңейту қажет. Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өндірушілердің шетелдік ірі сауда желілеріне шығуын қолдау тетіктерін әзірлеу тапсырылды. Басымдық берілетін елдерді, сауда желілерін және тауар топтарын айқындап, қазақстандық өнімді ілгерілету, сертификаттау, логистиканы ұйымдастыру және оны шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне орналастыру бағытында кешенді шараларды әзірлеу қажет.

Бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.

Теги: