Олжас Бектенов шаруалармен бірге Президент тапсырмасының орындалу барысын талқылады

Сәуір 7, 2025, 8:54 Т.Қ.

Премьер-министр Олжас Бектенов отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері, көктемгі дала жұмыстарының барысы, шаруаларды қолдау шаралары, сондай-ақ қосымша пысықтауды қажет ететін өзара іс-қимыл бағыттары талқыланды.

primeminister.kz

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында алға қойған міндетіне сәйкес, алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісін екі есе арттырудың келешегі қаралды.

Кездесу басында сөз алған Олжас Бектенов Үкімет аграрлық секторға белсенді түрде қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Президент қолдауының арқасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі өзінің құндылығын ешқашан жоймайды. Біздің жағдайымызда жеңілдетілген қаржыландыру үшін 700 млрд теңге табу оңай емес, алайда, біз мұны іске асырып жатырмыз және қолдаудың бұл түрін одан әрі арттыра береміз. Қазіргі қолданыстағы тетіктердің барлығы жалғасын табады. Нәтижесі де жоғары болып, біз бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құра аламыз деген сенім бар», — деп атап өтті Премьер-министр.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруаларды қолдау шараларын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады:

егіс науқанын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өткен жылы 580 млрд теңгеге дейін және несиелеуді мерзімінен бұрын іске қосу арқылы биыл рекордтық 700 млрд теңгеге дейін артты (бұрын қаржыландыру 140 млрд теңгеден аспаған). Алғаш рет көктемгі дала жұмыстарында қарыз сомасының 85%-на дейін кепілдендірудің арнайы бағдарламасы енгізілді;
бір жыл ішінде қаржыландыру көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайту арқылы 5%-бен 200 млрд теңгеге дейін жеткізу ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің қолжетімділігі артты, бұл ретте техниканың өзі – кепіл, ал жарна инвестициялық субсидия бола алады;
Азық-түлік корпорациясына форвардтық сатып алуларға 30 млрд теңге, географияны кеңейту үшін экспорттық шығыстарды субсидиялауға 40 млрд теңге бөлінді;
қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін несие беру өткен жылдан басталды. Несиелеу көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Биыл бұл мақсаттарға 48 млрд теңге бөлу міндеті тұр. Айналым мақсаттары үшін жеңілдікті несиелер қайта өңдеуді жүктеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Үкімет ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін сала ретінде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осылайша, мал бордақылау алаңдары үшін қолдау құралдары әзірленуде, жеңілдікпен несие беру және субсидиялардың жеңіл әкімшілендірілетін түрлерінің пайдасына селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты субсидиялау қайта қаралады.

Кездесу барысында өсімдік шаруашылығы және бау-бақша, мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы, өнімді өңдеу және экспорттау сияқты аграрлық сектордың түрлі бағыттарының өкілдері сөз сөйледі.

Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер қауымдастығын басқаратын және Қостанай облысындағы екі құс фабрикасына иелік ететін «Жас-Қанат 2006» ЖШС бас директоры Қайрат Майшев құстың тұтас етін бөлу және қайта өңдеу көрсеткішінің өсіп келе жатқан үрдісін атап өтті. Осыған байланысты, қайта өңдеушілер үшін айналым қаражатын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын іске қосу шикізатты дайындауға, үздіксіз өндірісті қамтамасыз етуге және өнімді нарыққа жеткізу үшін тауарлық-материалдық қорларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Агрофирма «Родина» ЖШС бас директоры Иван Сауэр биылға жоспарланған алдағы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы мәселелеріне тоқталды. Ақпарат жинау және Қазақстанның АӨК қатысушыларының мәртебесін айқындау үдерісін жетілдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін есепке алудың бірыңғай базасын құру қажеттігі атап өтілді.

«AmalBio» ЖШС директоры Асқар Сабыров ауыл шаруашылығының өндірістік үдерістеріне инновациялық және цифрлық шешімдерді енгізу, ауылдық жерлерде инженерлік инфрақұрылым салу мәселелерін көтерді.

«Зенченко и К» КТ директоры Геннадий Зенченко мемлекеттік қолдаудың кеңейтілген шараларымен қатар бизнестің өз тарапынан жауапкершілікті одан әрі арттырудың маңыздылығын атап өтті. Саланы дамытудың басты факторы адам ресурстары болып саналатынын жеткізді. Осыған байланысты Геннадий Зенченко әріптестерін сала мамандарының жалақысының тартымды болуын қамтамасыз етуге және жоғары оқу орындарымен бірлесіп білікті кадрлар даярлауды ынталандыруға шақырды. Ауылды дамытуға, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы компанияларының әлеуметтік бастамаларға, оның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру және медициналық инфрақұрылымды дамытуға қатысуына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ кездесу барысында «Aitas-KZ» АҚ вице-президенті Рабиға Тоқсейітова, «МВ4» ЖШС директоры Азамат Шалмағамбетов, «Еуразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади, «Asyl Farms» басшысы Ғабиден Балғынбеков, «Масло-дел» ЖШС бас директоры Павел Селиванов, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі.

Шаруалар Инвестициялар туралы келісім, инженерлік инфрақұрылым салу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді арзандатылған газбен қамтамасыз ету бойынша жеңілдікті несие алушылар санатын кеңейту жөнінде ұсыныстар айтты. Сонымен қатар мәселелер инвестициялық мақсаттарға тікелей жеңілдетілген несие беру, асылдандыру материалы, астық пен өсімдік майын терең өңдеу, ауыл шаруашылығын сақтандыру, ішкі нарықты тұрақты толтыру, экспортты дамыту, цифрландыру, реттеуші және салық саясаты, сондай-ақ ауылдық жерлерде баспана мәселесін шешу тұрғысынан өзектендірілді.

Мемлекеттік органдар тарапынан көтерілген тақырыптар бойынша Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин пікір білдірді. «Бәйтерек» ҰБХ басшылығының айтуынша, қазір Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Болашақта бұл тәжірибені бүкіл еліміз бойынша тарату жоспарланып отыр.

Премьер-министр агроөнеркәсіп кешенін экономиканың технологиялық және инновациялық секторына айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатқа назар аударды. Ол үшін әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісі заманауи агротехнологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға, тиімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өнімдер түрін кеңейтуге ұмтылуы тиіс.

«Мемлекет аграрлық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсететін болады, олар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймайды, сонымен қатар тұрақты әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін ауылдық қоғамдастықтарды қалыптастыра отырып, ауылдағы тұрмыс сапасын арттыруға нақты үлес қосады. Бірлескен жұмыстың нәтижесі қазақстандықтарды өз өндірісіміздің сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде көрінуі тиіс. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында бәсекеге қабілетті ел ретінде танылуы керек», — деп түйіндеген Олжас Бектенов жиынның барлық қатысушысына мол өнім алуға және ауыл шаруашылығы өндірісінің әрі қарай дамуына тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ Премьер-министр агроөнеркәсіп кешеннің отандық өнімдері көрмесін тамашалады. Сүт және ет өңдеу салаларының жобалары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және тамақ өнеркәсібі саласындағы шешімдер ұсынылды. Олардың қатарында қуаттылығы тәулігіне млн данадан астам жұмыртқа өндіретін Ақмола облысында жұмыртқаны терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жоба бар. Кәсіпорынның Орталық Азияда баламасы жоқ және жұмыртқа ұнтағынан бастап арнайы тағам қоспаларына дейін терең өңделген өнімдердің кең түрін шығаруға мүмкіндік береді. Шығарылатын өнім түрін ұлғайту үшін AmalBio кәсіпорнының өндірістік тізбегіне енгізілген инновациялық шешімдер таныстырылды, Премьер-министрге экспорт нарығының кеңеюі туралы баяндалды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жүйесін салу, құрғақ мұздатылған кептірілген бие сүтін өндіру, тамақ өнімдеріне арналған қаптамалардың жаңа түрлері және басқа да жобалар таныстырылды.

Теги: