Олжас Бектенов теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынады

Сәуір 14, 2026, 12:49 Т.Ж.

Премьер-министр теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының баяу қарқынын сынға алып, биыл барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Үкімет

Бұл туралы ол Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындау бойынша өткізген кеңес барасында айтты.

Айта кетейік, кеңесте транзиттік әлеуетті кешенді дамыту аясында теміржол көлігін дамыту мәселелері қаралған болатын.

«Қазақстан темір жолы» ҰК деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 33 млн тоннаға жетті, бұл 2024 жылғы деңгейден 20%-ға жоғары. Транзиттік тасымал үлесі жалпы көлемнің 10%-ын құрады. 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында транзит тағы 14%-ға өсіп, 8 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін жетті, бұл ретте контейнерлік тасымал 6%-ға ұлғайды.

Басқосуда Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға да назар аударылды. ТХКБ бойынша жеткізу мерзімдерін қысқарту, «Алтынкөл – Поти/Батуми» бағытында өтпелі тарифтер енгізу, Әзербайжан мен Грузиядағы серіктестермен цифрлық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырым теміржолда ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылу үстінде, оның ішінде «Мойынты – Қызылжар» және «Бақты – Аягөз» желілерін салу, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген», «Шалқар – Бейнеу», «Бейнеу – Маңғыстау» және басқа да бағыттар учаскелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы ретте Олжас Бектенов «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы бойынша ресурстардың жеткіліксіз жұмылдырылғанын атап өтті. Нысандағы техника мен жұмыс күшінің жеткіліксіздігі жобаны жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғаны баса айтылды. Тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Теги: