Өңірлерде спорт нысандарын салу жұмысы жеделдетіледі
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Үкіметте өңірлерде жаңа спорт нысандарын салу мәселесі қаралды. Нұрлыбек Нәлібаев жауапты органдарға құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды тапсырды.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында берген туризм мен спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Кеңеске туризм және спорт министрі, ұлттық экономика, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы шеңберінде өңірлерде жаңа спорт нысандарын салу мәселелері талқыланды, оның ішінде Инфрақұрылымдық даму қорының қаражаты есебінен қаржыландырылатын нысандар да бар.
Нұрлыбек Нәлібаев өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, сапа мен мерзімдерді сақтау қажеттілігіне баса назар аударды. Сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманың сапасына және мемлекеттік сараптаманың уақтылы жүргізілуіне ден қою тапсырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты органдарға тиісті тапсырмалар берілді.