Оңтүстік Корея қазақстандық мұнайды сатып алмайтын болды

Наурыз 31, 2024, 2:54 Т.Қ.

Өйткені жергілікті ірі мұнай өңдеу зауыттары жеңіл азкүкіртті мұнайды сатып алу логистикасын тым қымбат және Қызыл теңіздегі хуситтердің шабуылы аясында тиімсіз деп санайды. Бұл туралы Standard&Poors басылымы жазды. 

CPC Blend мұнайы Қара теңіздегі Новороссийск портынан Суэц каналы арқылы Оңтүстік Корея порттарына жеткізіліп тұратын. Қызыл теңіз арқылы логистикалық қиындықтарға байланысты ақпан айында бірде бір партия жеткізілген жоқ, ал тасымалдау құны сақтандыру сыйлықақыларына байланысты өсіп кетті.

Оңтүстік Кореяның ірі мұнай өңдеу зауыттарындағы дереккөздердің мәліметінше, 2023 жылдың соңынан бастап аталған елге бағытталған CPC Blend шикі мұнай жүктері Суэц каналын айналып өтіп, Үміт мүйісіне дейін ұзағырақ жолдан өтіп жатыр. 

Оңтүстік Кореяның ірі мұнай өңдеу компаниясы SK Innovation және оның көліктік еншілес кәсіпорны SK Shipping компаниясы қазақстандық CPC Blend мұнайын жеткізуге логистикалық шығындардың күрт өскенін атап өтті. Осыған байланысты Сеулде орналасқан Корея мұнай қауымдастығы сарапшыларының пікірінше, мұнай өңдеу зауыттары болашақта CPC Blend шикі мұнайын сатып алуды айтарлықтай азайтпақ. 

Еске салайық, Йемендегі хусит көтерілісшілері Иранның қолдауымен Палестина халқымен ынтымақтастығын білдіріп, Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне шабуыл жасай бастады. 

19 ақпанда Еуропалық Одақ Қызыл теңіздегі кемелерді қорғау үшін Қызыл теңізде «Аspides» операциясын бастады. 

Бұған дейін біз Қызыл теңіздегі кемелерге шабуыл жасап, әлемдік сауданы бұзушы хуситтердің кім екені туралы жазған болатынбыз. 

Теги: