Отандық сауда: Олжас Бектенов министрлерге бірнеше міндет жүктеді

Там. 5, 2025, 6:28 Т.Қ.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов тауар өндіру, сату және топқа бөлу бойынша құзырлы органдарға тапсырма берді.

Үкімет

— Біріншіден, Сауда және интеграция министрлігі мен Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл 1 қазанға қарай тауар, жұмыс пен көрсетілетін қызмет жүйесінде тауарларды топқа бөлуді аяқтасын. Екіншіден, ведомстволық ақпараттық жүйенің тауарлардың ұлттық каталогімен сапалы интеграциясын қамтамасыз ету үшін нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, оларды жаңарту қажет, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Осы орайда Премьер-министр Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.

— Үшіншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленетін сауда үстемесін бақылауды күшейту мақсатында Сауда және интеграция министрлігі биыл 1 қазанға дейін Көкшетау және Павлодар қаласында цифрлық азық-түлік ваучері пилоттық жобасын іске қосуды тапсырамын, — дейді ол.

Жоғарыда аталған тапсырмаларды үйлестіру мен бақылау вице-премьер Серік Жұманғаринге жүктелді.

Теги: