Павлодар облысында ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген жылу желілерінің 6 негізгі учаскесі жаңартылды

Қыр. 16, 2026, 9:25 Т.Қ.

Екібастұз бен Ақсу қалаларындағы ең проблемалы, жалпы ұзындығы 6,1 шақырым болатын құбырлар жаңа жылыту маусымы басталғанша толықтай ауыстырылды.

Фото: modernization.kz

Кезінде салынған кейбір құбырлардың қолданылғанына 50 жылдан асып, 96%-ға дейін тозығы жеткен еді. Соңғы үш жылдың өзінде мұнда 76 ақау тіркелген. Енді бұл оң өзгерісті екі қаланың ондаған мың тұрғыны сезінеді.

Жұмыстар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілді. Уақытша жамап-жасқаудың орнына Екібастұздағы 4 және Ақсудағы 2 магистральды учаскенің ескі құбырлары толығымен жаңасына ауыстырылды. Бұл 6 жобаның жалпы құны 8,7 млрд теңгені құрады.

Павлодарда өткен ЭКСЖ Жобалық офисінің көшпелі отырысында коммуналдық инфрақұрылымның қысқа дайындығы негізгі тақырыптардың бірі болды. Қанат Бозымбаев жұмыс кестесінен қалыс қалмай, барлығын уақытында аяқтауды тапсырды. Нәтижесінде жылу беру маусымы басталғанша барлық 6 жылу нысаны толық дайын болды.

«Нысандарды таңдаған кезде біз желілердің ұзындығына ғана қараған жоқпыз. Ең алдымен құбырлардың тозу деңгейін, ақаулардың санын және әр магистральға қанша тұрғын қарап отырғанын ескердік. Соның арқасында бағдарламаға жаңартылуы Екібастұз бен Ақсуды жылумен сенімді қамтамасыз етуге ең көп әсерін тигізетін учаскелер кірді», - деді Павлодар облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов.

Екібастұзда Абай көшесінің маңында, М. Әуезов көшесіндегі 10 мен 15-шағын аудандарда және М. Жүсіп көшесіндегі 6-шағын ауданда орналасқан 4,2 шақырым жылу желісі жаңартылды. Бұл құбырлардың екі учаскесі 1972 жылдан, қалған екеуі 1983 және 1992 жылдардан бері жұмыс істеп тұрған. Мұнда соңғы рет жартылай күрделі жөндеу 2016-2018 жылдары жүргізілген еді.

Соңғы үш жылда Екібастұздағы осы төрт магистральда 54 ақау тіркелді. Енді әбден ескірген учаскелер толығымен диаметрі үлкенірек жаңа құбырларға ауыстырылды.

Жаңартылған магистральдарға 168 көпқабатты үй, 1 102 жеке үй және 76 әлеуметтік нысан тікелей қарап отыр. Тек Абай көшесінің маңында ғана мыңға жуық жеке үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу мүмкіндігі бар.

Құбырлардың диаметрін үлкейту аяз қатты қысқан шақта жылуды көбірек беруге жол ашады. Арнайы учаскелерде желілердің өткізу қабілеті 17–65%-ға артты. Бұл тұрғындар үшін қақаған аязда үйдің жылы болуын білдірсе, қала үшін жаңа нысандарды қосуға арналған қосымша қуат қорын береді.

Ақсу қаласындағы Астана және Ленин көшелерінің бойында жалпы ұзындығы 1,9 шақырым болатын тағы екі негізгі учаске жаңартылды. Бұл құбырлар 1970 және 1980 жылдардан бері пайдаланылып келген, ал олардың тозу деңгейі 80-83%-ға жеткен еді. Соңғы үш жылда бұл жерде 22 ақау тіркелген.

Астана көшесіндегі жылу магистралі қазірдің өзінде іске қосылды. Оған 23 мың тұрғыны бар алты шағын аудан қарап отыр. Жаңартылған желі 91 көпқабатты үйді және 16 әлеуметтік нысанды, соның ішінде мектептерді, балабақшалар мен медициналық мекемелерді жылумен қамтамасыз етеді.

Ленин көшесінде тағы 1,5 шақырым жылу желісі толығымен қайта жаңартылды. Жаңа учаске № 4, 6, 7, 7А, 9, 10, 11 және 12-шағын аудандарды жылумен қамтамасыз ету сенімділігін арттырып, қыс ортасында жарылыс пен апатты жөндеу қаупін азайтады.

Алты жобаның да басты ерекшелігі – тек отандық өнімдердің қолданылуы. Ондағы қазақстандық тауар өндірушілердің үлесі 100%-ды құрады. Барлық қажетті құбырлар мен қосалқы бөлшектерді Қазақстан кәсіпорындары жеткізді. Осылайша, Ұлттық жоба коммуналық инфрақұрылымды жаңартып қана қоймай, отандық зауыттарға да ірі тапсырыстар беруге жол ашты.

Теги: