Павлодарда 2,7 млрд теңгелік жобаға жер беріліп, инвестор құқығы қалпына келтірілді
Павлодар қаласының прокуратурасы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 2,7 млрд теңгеге бағаланған жобаны іске асыруға кедергі келтірген мәселелерді шешті.
Ведомство мәліметінше, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен «Angolt GmbH» ЖШС жүзеге асырып жатқан металл бұйымдарын өндіру жобасы бойынша инвестордың құқықтары қалпына келтірілген. Аталған жоба өңірдің өнеркәсіптік дамуы үшін маңызды және Жалпыұлттық пулға енгізілген.
– Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап инвестор мемлекеттік органдар тарапынан келісу рәсімдерінің ұзаққа созылуына байланысты жер учаскесін ала алмаған. Уәкілетті органның қорытындысы негізінде жер беруден бас тартылған. Прокуратураның араласуымен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен кеңес өткізіліп, нәтижесінде ауданы шамамен 1 гектар жер учаскесін беру туралы шешім қабылданды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде инвестордың құқықтары қалпына келтірілді, – деп хабарлады прокуратура.
Павлодар облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 (701) 578-47-15 нөмірі немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырды.