Павлодарда алаяқтыққа қолданылған симбокс құрылғылары анықталды
Павлодарда прокуратура мен полиция қызметкерлері алаяқтық схемаларда пайдаланылған симбокс құрылғыларын заңсыз қолдану дерегін анықтады.
Тексеру жұмыстары «Айқын нәтиже» іс-шаралар жоспары аясында жүргізілген.
Пәтерлерді аралау барысында көпқабатты үйлердің бірінен күдікті анықталып, оның үйінен 128 слоттық симбокс құрылғысы, «Tele2» және «Алтел» операторларының 115 SIM-картасы, екі роутер мен 32 ұялы телефон табылған.
- Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 213-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл абоненттік құрылғылардың сәйкестендіру деректерін өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану және тарату фактісін қамтиды.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын және ықтимал сыбайластарды анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр, - делінген ақпаратта.
Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.